BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жекешелендіру аясындағы нысандарды кімдер сатып алды?

ОКҚ-де өткен брифингте ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қалымжан Ибраимов жекешелендіру бағдарламасы аясында сатылымға шығарылған компанияларды кімдер сатып алғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Сатылған 421 объектінің 205-і жеке және заңды тұлғалардың меншігіне өтті. 181 объектіні заңды тұлғалар-инвесторлар сатып алды, ал 35 объектіні осы объектілерде қатысу үлестері бар басқа иеленушілер алды», - деді ол.

Сонымен қатар Қалымжан Ибраимов Астана мен Алматы тұрғындары жекешелендіру аясында сатылған нысандарға ерекше қызығушылық танытқанын атап өтті.

«Сатып алушылар елдің барлық өңірлерінен қатысты. Бірақ Алматы және Астана қалаларының тұрғындары ерекше қызығушылық танытты. Олардың саны 112 және 43», - деді комитет төрағасының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар ол қаржы министрлігі жекешелендірудің кешенді жоспарын іске асыру барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, тиісті іс-шараларды уақытында өткізіп отырғанын мәлім етті.

«Жекешелендіру процесінің қолжетімділігі мен ашықтығы үшін веб-порталда электрондық мониторинг енгізілді. Әрбір жекешелендіру объектісі бойынша жол карталары әзірленді. Биыл IPO/SPO алаңына шығарылатын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 9 ірі компаниясын қоспағанда, жекешелендірудің кешенді жоспарын аяқтау міндеті тұр», - деді Қалымжан Ибраимов.

Оның айтуынша, 2018 жылдың соңына дейін 87 объекті сауда-саттыққа шығарылады. Оның ішінде республикалық меншіктегі 20 объект, коммуналдық меншіктегі 31 объекті және квазимемлекеттік сектордағы 36 актив бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер