BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық Банк төрағасы теңгенің әлсіреуіне қатысты асығыс шешім қабылдамауға шақырды

Фото: forbes.kz

Бүгін Мәжілістің кулуарында Ұлттық Банк төрағасы Данияр Ақышев Ресейге салынған санкциялардан кейін елімізде теңге бағамының өзгеруіне байланысты қазақстандықтарға асығыс шешім қабылдамауға кеңес берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Рубль бағамы әлемде қатты өзгергенімен бізде неге олай емес, себебі, біріншіден, бізге санкция түспейді. Барлық елмен қарым-қатынасымыз жақсы, қазақстандық компанияларға деген тура және жанама санкциялар жоқ. Екіншіден, Ресей рублі біз үшін маңызды болғанымен де әсер ететін жалғыз фактор емес. Мұнай нарығын қараңыз, кеше мұнайдың барелі 70 АҚШ долларына көтерілді. Бұл деген өте жоғары көрсеткіш, біз үшін өте жақсы төлем балансы. Бізде жоғары экономикалық өсім бар. Үшіншіден, бізде төлем теңгерімі өте жақсы. Капиталдың келуі мен қайтуы теңгерімі теңестірілген. Валюта бағамына әсер ететін дисбаланс жоқ. Инфляция төмендеп жатыр», - деді Данияр Ақышев.

Ол халықты теңгенің әлсіреуіне байланысты жылдам шешім қабылдамауға шақырды.

«Айырбастау орындарында шетелдік валюталар жеткілікті, қызмет ала алмай жатырмыз деген шағымдар түспеді. Ешқандай ажиотаж жоқ. Сол себепті валюта жеткілікті, теңге жеткілікті. Егер кімде-кім тәуекелдерін хеджерлегісі келсе, валюта сатып алсын, сатсын. Дегенмен өз қаржыңызды сақтадым деп ойласаңыз, алдағы уақытта ұтылуыңыз да мүмкін. Тағы да айтамын, теңге әлсіреуі де, күшеюі де мүмкін», - деді ол.

Ұлттық Банк төрағасы басқарып отырған мекеменің теңге бағамына болжам жасай алмайтынын атап өтті.

«Ұлттық Банк теңге бағамына болжам жасамайды. Дегенмен халыққа бір мезеттік шешім қабылдамауға кеңес беремін. Курс биржасында 331 теңге 20 тиын шамасында саудаланып жатыр. Нарықта сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі жүріп жатқанын байқап отырмыз. Себебі экспорттаушыларға валютаны сату керек. Бұл жағдай өзгереді деп ойлаймын», - деді Ұлттық Банк төрағасы кулуарда.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер