BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық банк криптовалютаны реттеу мәселесiн қарастыруда

Бүгiн Мәжiлiсте «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» және оған iлеспе заң жобаларының таныстырылымы өттi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Жаңа заң жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков баяндама жасады. Мәжiлiс депутаттары Ұлттық банк өкiлiнен Қазақстанда криптовалюта қалай реттелетiнiн сұрады.

«Қазiр жеке тұлғалардың қалтасынан виртуалды кеңiстiктегi саудаға қомақты қаржы кетiп жатыр. Ал, Қазақстан аумағында ешқандай резидент жоқ. Адамдар үй, пәтер, мүлкiн сатып, криптовалюта алып жатыр. Сiз криптовалютаны реттеудi қажет процесс деп санайсыз ба?», - деп сұрады Мәжiлiс депутаты Ирина Унжакова.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары қазiр қаржы реттеушi аталған мәселенi қарастырып жатқанын, бiрақ нақты ұсыныстардың жоқ екенiн айтты. Смоляковтың мәлiметiнше, қазiр криптовалюта мәселесi аса ауқымды. Оны бiр ел қолдаса, екiншiсi оған тыйым салады.

«Криптовалюта валюталық құндылық емес екенi анық. Себебi, ол қандай да бiр қаржылық өнiм, технология, бiрақ ол есептесу, төлем құралы емес. Бiз қазiр криптовалютаны реттеу мәселесiн зерттеп жатырмыз. Оның қаржылық өнiм ретiнде өмiр сүруге құқығы бар, бiрақ ақшаның суррогаты ретiнде құқығы жоқ. Бiз осы балансты зерттеп, бағалаудамыз. Қандай жағдай болмасын, криптовалютаға көшу бiртiндеп жүзеге асады», - дедi Смоляков.

Ал, Гүлжан Қарағұсова криптовалюта қаржылық айналымда екенiн айтты.

«Астананы араласа жеткiлiктi, қазiр криптовалюта төлем құралының рөлiн атқарып отыр. Криптовалютаны қабылдаймыз дейтiн ұйымдар, инфрақұрылымдар мен сауда ұйымдары бар. Бұл шындық. Бiз мойындағымыз келсе де, келмесе де, қазiр криптовалюта үш функцияны атқарып отыр. Олар - айналым, төлем және жинақтау салалары», - деп түйiндедi Гүлжан Қарағұсова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер