BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық банк «ең қауіпсіз валютаны» пайдаланатындарға ескерту жасады

Фото: 7Kun.kz

Желіде ақша табамын деген жұрт, тапқан-таянғанынан айырылуы мүмкін. Ұлттық банктегілер азаматтарды ғаламторға қолма-қол ақша салғызып, виртуалдық валютамен табыс ұсынатын ұйымдардың көбейіп кеткенін ескертуде. Әлемнің ешбір елі мойындамаған криптовалютаның желідегі бағамы шарықтаған сайын, бізде оған қызығушылық танытып жатқандар саны артқан. Ал көп жағдайда бұл ұйымдар қаржы пирамидасының жүйесі бойынша құрылады.

Криптовалюта кезінде банк секторын қорғау үшін ойлап тапқан жүйе кейін бөлек шығып, желі қолданушыларының арасында ең қауіпсіз валюта деген мәртебеге ие болды. Қазір оның ең көп таралған түрі - «биткоин». 2010 жылы 10 мың биткоинға 2 пицца келсе, бүгін 1 биткоиннің нарықтағы құны рекордтық 1238 долларға жетіпті. Енді осыған қызығып зардап шеккендер көбейіп жатыр.

Криптовалюталардың ресми ақша бірлігіне немесе өзге де нақты активтерге, сондай-ақ, оларға қызмет көрсету операцияларына қатысы жоқ. Бұдан басқа, криптовалюталардың айналыс процесі орталықтандырылмаған, және оны реттеу мүмкін емес.

Ұлттық банк өкілдері криптовалютаны пайдалана отырып жұртты инвестиция жасауға шақыратын ұйымдар көбейіп кетті деп отыр. Ғаламторға қолма-қол ақша енгізіп, виртуалдық валюта аласыз. Осындай жүйелер көп жағдайда қаржы пирамидасының тәртібі бойынша іске асырылады. Бірақ соған қарамастан отандастарымыз бұған ақша салып, оны аз уақытта еселеп алдық деп мәз.

Әсел Мирошкина, Алматы қаласының тұрғыны:

–Мен осы жылдан бастадым. Қазір мен үшінші деңгейді сатып алдым. Сол ақша биткоинмен саналады. 0,5 биткоиннан бастап мен бір рет қана осы сообществаға кіргіздім. 100 мың теңге маған келгені, басқа кісілерден маған келді ақша.

Қаржыгерлер бастапқыда табыс жақсы болғанымен кейін ақша айналымы жетіспеген кезде ұйымдар жабылып, барлық төлем тоқтатылады дейді. Ал жер сипап қалатын қашанғыдай қарапайым салымшылар.

Әкімжан Арупов, экономист:

-Виртуалдық ақша қалыпты айналымда бола алмайды. Ол тек осы жүйедегі адамдарға қызықты. Сіз қазір оған нан да сатып ала алмайсыз. Себебі, алыс-беріс кезінде биткоинді тек шектеулі адамдардың тобы ғана мойындауы мүмкін.

Осылайша әлемнің бір елі де мойындамаған виртуалдық валюта аламын деп салым жасағандардың ақшасын қайтарып алуына құқықтық кепілдіктері жоқ. Себебі, заң бойынша аталмыш ұйымға кіру және ақша енгізу ерікті түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ол құжат бойынша бекітілмейді. Ал Ұлттық банк бұл істі реттеумен айналыспайды екен. Сондықтан,ешкім ешқандай кепілдік бермейтін, әлдебір есеп-шотқа ақша құярда жақсылап ойланғаныңыз абзал.

КТК


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер