BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық банк басшысы валюта нарығын дамытудағы жаңа бастамаларымен бөлісті

Фото: ашық дереккөзден

Ақша нарығында артық теңге өтімділігі сақталуда, банктер оны базалық мөлшерлеме дәлізінің төмен шегі маңындағы мөлшерлемелер бойынша айрықша Қазақстан Ұлттық Банкінің құралдарында жинақтайды. Бұл жөнінде Данияр Ақышев Алматыда өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Яғни бұл 8%-дан астам. Бұл РЕПО операциялары, Ұлттық банктегі депозиттер және Ұлттық банктің ноттары. 2018 жылғы тамыздың соңында өтімділікті алу бойынша операциялардың нетто-сальдосы 2,2 трлн теңге болды. Тамыздың соңында айналыстағы ноттардың көлемі 3,3 трлн теңге болды», - деді ол.

Д. Ақышев Қазақстан Ұлттық банкінің ақша және валюта нарықтарын дамыту жөніндегі жаңа бастамалары туралы да айтып өтті.

«2018 жылғы 10 қыркүйектен бастап теңгенің АҚШ долларына қатысты ресми бағамы Т+1 есептеу мерзімімен сауда сессиясының қорытындылары бойынша орташа биржалық бағам негізінде, яғни келесі күні белгіленеді. Біз мәмілелерді аяқтаудың жаңа қағидатына ойдағыдай көштік, бұл оның қатысушыларына қолайсыздықтар әкелген жоқ. Сондай-ақ жергілікті валюта нарығына халықаралық стандарттарға сәйкес келуге және өтімділікті біршама жақсы басқаруға мүмкіндік берді. Бұл халыққа да қандай да бір қолайсыздықты туындатпады», - деді Д. Ақышев.

Ұлттық банк басшысы 1 қазаннан бастап Қазақстан қор биржасы валюта нарығында орталық контрагенттің функцияларын орындауға кірісетінін және мәмілелерді сақтандыратынын айтып берді. Бұл Қазақстанның қаржы нарығын дамытуда заңнамаға енгізілетін түзетулерді осы жазда қабылдағаннан кейін ғана ықтимал болған орасан зор қадам.

«Іс жүзінде енді валюта нарығында және болашақта басқа да нарықтарда мәмілелер оның қатысушылары арасында тікелей жасалмай, делдал әрі мәмілелерді орындамаудың барлық тәуекелдерін өзі көтеретін орталық контрагент арқылы жасалады. Бұл нарықта тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, тәуекелдерді басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді, сондай-ақ шетелдік қатысушылар үшін тартымдылығын арттырады», - деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы.

Д. Ақышевтың айтуынша, Қазақстан Ұлттық банкі ағымдағы жылдың соңына дейін орталық контрагент тетігін пайдалана отырып, своп нарығында ұзақ мерзімді құралдарды енгізуді жоспарлап отыр, бұл банктерге валюталық тәуекелдерді хеджирлеуге және өз клиенттеріне осындай өнімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

«15 қазаннан бастап Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарын Т+2 жүйесі бойынша, яғни екінші күнге есептеумен орналастыру басталады. Бұл жүйе халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді және әлемдік қаржы нарықтарында бағалы қағаздармен операциялар жүргізген кезде стандарт болып табылады. Келесі кезең Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына арналған Т+2 есеп айырысу жүйесіне көшу болады. Аталған жаңалықтардың халық үшін ешқандай теріс салдары болмайды және көбінесе қаржы нарығының кәсіби қатысушылары үшін жағдайларды жақсартуға бағыталған», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер