BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларын кәсіпкерлер  қаржыландырады

Қазақстанда 2018 жылы «ASAR» үшжақты серіктестік форумы аясында әлеуметтік жобалар алаңына қатысу үшін үкіметтік емес ұйымдардан өтініштер қабылдау науқаны басталды. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциалық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев байқаудың шарттары туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, әлеметтік жобалар келесідей талаптарға сай болуы тиіс:

Жобалар жергілікті қоғамдастықтарды дамытуға, жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың қоғамдық әлеуетін қолдануға және осы аймақтардағы өмір сапасын арттыруға бағытталуы керек;

Ұсынылатын жобалар жергілікті қоғамдастықтардың жұмысын жақсартуға шынайы үлес қосуы керек;

Жобалар ҮЕҰ-дың ағымдағы қызметіне немесе бір реттік іс-шараларды өткізуге бағытталмауы тиіс;

Жобалар бұған дейін қандайда бір қаржыландыру көздері арқылы жүзеге асырылмаған болуы керек.

Байқау 3 кезеңнен тұрады.

Бірінші кезең – ҮЕҰ-дың жобалары көрсетілген өтінімдерді жинау. Байқауға қатысу үшін өтініштер 2018 жылдың 2 мамырына дейін қабылданады.

Екінші кезең - ҮЕҰ-дың жобаларын онлайн-платформада жариялау және кәсіпкерлерге тарату.

Үшінші кезең – ҮЕҰ мен кәсіпкерлер арасында меморандумдарға қол қою.

Байқауға қатысатын ҮЕҰ-дың барлық жобалары www.asarprojects.kz онлайн-платформасында жарияланады. Үздік жобаларымен кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан үкіметтік емес ұйымдар 2018 жылдың маусым айында Талдықорған қаласында өтетін «ASAR» үшжақты серіктестік форумына шақырылатын болады.

Өткен жылы «ASAR» форумы аясында 10-на аса жоба кәсіпкерлер тарапынан қолдау тапқан болатын.

Мысалы, «Атырау облысының Азаматтық Альянсы» қоғамдық бірлестігінің «Венера» инклюзивті шеберханасын құруға арналған жобасы кәсіпкерлердің қолдауына ие болған. Осылайша, аталған шеберхана мүгедек балалардың өмір сүру дағдыларын қалыптастыру және дамыту мақсатында құрылған болатын.

Байқаудың ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер