BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Түркістан облысын дамытуға қанша қаржы бөлініп отыр

Фото: ашық дереккөзден

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламентінің жалпы отырысында ҚР кейбір конституциялық заңдарына әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы Конституциялық заң жобасы ұсынылды.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес Шымкент қаласы республикалық маңызы бар қаласы санатына жатқызылған болатын. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып, оның әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілді.

Осы орайда ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов Конституциялық заң жобасымен «ҚР сайлау туралы» және «ҚР сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу көзделгенін айтты.

«Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала санатына жатқызылуына байланысты түзетулер арқылы «республикалық маңызы бар қала» сөздерін «республикалық маңызы бар қалалар» сөздерімен ауыстыру ұсынылады. Конституциялық заң жобасын қабылдау заңнамалық актілердің республикалық маңызы бар қалаларға қатысты нормаларын Шымкент қаласына да қолдануға мүмкіндік береді», - деді вице-министр.

Руслан Дәленов қаралып отырған заң жобасы және Түркістан қаласының бас жоспары тұжырымдамасы өңірдің экономикалық тұрақты дамуына қаншалықты ықпал ететінін айтты.

«Түркістан қаласын дамыту үшін қаланы дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасы қабылданды. Қазіргі уақытта Бас жоспар әзірленуде. Конкурс өткізілді. Жоспарда қаланы дамыту бағыттары айқындалатын болады. Оның ішінде аймақтандыру, көлік инфрақұрылымы, құрылыс, тарихи объектілерді қорғау және басқа бағыттар болады», - деді Ұлттық экономика бірінші вице-министрі.

Ол 2024 жылға дейін Түркістан облысын дамытудың арнайы кешенді жоспары әзірленіп жатқанын айтты.

«Жоспар өте үлкен және ауқымды. Онда 115 іс-шара, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және т.б дамыту бағыттары бар. Жалпы қаражаты – 870 млрд теңге. Оның ішінде 400 млрд теңге республикалық бюджеттен, 29 млрд теңге жергілікті бюджеттен, қалғаны жеке инвестициялар болады. Осы кешенді жоспар жылдың соңына дейін қабылданатын болады. Осылайша Түркістан қаласы мен Түркістан облысын дамытудың жүйелі жоспары бар. Тиісті қаржыландыру көзделген», - деді Руслан Дәленов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер