BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Төл теңгенің тарихынан бір үзік сыр

Астана. 15 қараша. Baq.kz - Қазақ елінің дербестігінің бір белгісі ұлттық валютамыз «Теңге» бүгін 20 жасқа толды. Осы уақыт аралығында ол басынан көптеген қиын кезеңдерді өткерді. Сан рет дизайны өзгеріп, құны құлдыраған да болатын.

Алғашында ұлттық валютаның бағамы 1 долларға шаққанда 4,75 теңгені құрады. Кейін небәрі екі айдың ішінде 1 доллардың бағасы 15 теңгеге өсті. Осылайша, тәуелсіз елдің қалыптасуының бастапқы кезеңдерінде төл теңгеміз дүркін-дүркін инфляцияны өткерді. Осы жиырма жыл уақыт аралығында ел экономикасындағы теңгенің маңызы мен рөлі артып, нығая түсті. Рас, халық ауызанан Кедендік одақ аясында ортақ валюта енгізіледі деген қаңқу сөздерді көп естиміз. Алайда, бұл өзіміз айтпақшы тек қанқу сөздер. Оған ешқандай негіз де себеп те жоқ. Сала мамандарының пікірі осындай.
Жалпы, Қазақстан аумағында ақша айналымы осыдан мыңдаған жылдар бұрын пайда болған. Жетісуда, Баласағұн, Тараз, Испиджаб, Отырар, Ясы-Түркістан, Сайрам, Сауран, Сығанақ қалаларында теңге сарайлары жұмыс жасапты. VIII ғасырда өмір сүрген Түргеш қағанаты сол кездері түргеш тиындарын шығара бастапты. Ол сырт кейпіне қарағанда қытайлық тиындарға ұқсайды, ортасында төртбұрышты тесігі бар құю әдісімен орындалған. Бір жағында таңбасы, келесі жағында «көк тәңірі түргеш-хақан теңгесі» деген жазуы болған. Кейінірек ислам кезеңінде Оңтүстік Қазақстанда Саманидтер, Қарахандықтар, Хорезмшахтардың тиындары айналымда болған. XV ғасырдың басында Отырарда таңга деп аталған күміс тиындар айналымда болды. Осылайша, Қазақстанның ұлттық валютасының пайда болуы өткен дәуірлердегі қаржы дәстүрлерінің қайта жандануына септігін тигізді. Сондай-ақ, «теңге» атауын біздің ата-бабаларымыз ежелгі Отырардың өзінде қолданған екен.
Кейіннен орыстардың боданы болған қазақ халқы теңгесінен қол үзіп қалса, батыр елдің ұрпақтары бабалар аманатын ту етіп, төл теңгені қайта жаңғыртады. Міне, бүгін біз соған куә болып отырмыз. Оның 20 жылдық мерейі атап өтілуде. Қазақстанның түкпір түкпірінде оған ескерткіштер орнатып, көрмелер мен түрлі мәдени шаралар өткізудеміз. Бұл біздің тәуелсіз, егеменді елдің ертеңгі ұрпағына қалдырып отырған аманатымыз. Әлгінде, айтқанымыздай, ұлттық валюта ұлттың дербестігінің жарқын нышаны.
 

Мөлдір АСҚАР


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер