BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Теңгенің шын авторлары шет қалмасын

Астана. 15 қараша. Baq.kz - Біздің ұлттық валютамыз 1 күнде пайда болған жоқ. Оның өзіндік тарихы бар. Ол эволюция түрінде пайда болып, дамып келе жатыр. Кез келген ірі қоғамдық құбылыс сияқты теңгенің де өз тарихы бар. Бұл тарихты білуіміз керек және одан сабақ алуымыз керек.  

Міне, жиырма жыл өткеннен кейін теңгенің тарихы бір жақты қаралуда. Біз оны идеядан бастап осы кезеңге дейін қарастыруымыз керек. Осы тұрғыдан қарамасақ ақиқатқа қиянат жасаған боламыз. Көп жайт көлеңкеде, көзден тыс қалады. Енді дәл ретімен айтып көрейік: Ең қызығы, мынау теңге идеясының авторлары – ғалымдар айтылмай, оның орнына әлгі идеяны орындаушылар нық орын алуда. Бұл шындыққа жанаспайтын жайт қой. Мен ғалым ретінде осы ақиқатты бұқара халыққа көрсету менің парызым, өйткені мен осы жобаға жетекшілік еткен едім. Ал жобаны бірге жасаған ғалымдар бұл дүниеден өтіп кетті, көпшілігі басқа жұмысқа кетті.
Шын мәнінде теңгенің тарихы? Валюта тарихы дербестікпен тығыз байланысты. Мен екеуін еш уақытта ажыратпаймын. Валюта – дербестіктің қызметіне жатады. Оның бір атрибуты, тірегі. Тәуелсіздік те бір күнде пайда болған құбылыс емес. Біз аймақтық шаруашылық есепті енгізу бастамасын көтердік, бұл идеяны зерттеу үшін 80-ші жылдардың соңына қарай КСРО Ғылым академиясында 5-6 адамнан тұратын арнайы топ құрылды. Оған мен бұл мәселені ең алғаш көтерген ғалымдардың бірі ретінде ғана, Мәскеудегі әріптестерімнің жеке шақыруының арқасында ғана ендім. Онда сарапшы ғалымдардың жан-жақты талқылауынан кейін аймақтар, республикалар шаруашылық есепке көшсін деген тұжырым жасалды. Кейбір республикалар ұлттық байлықты жасағанымен өздерінде оның болмашы бөлігін ғана алып қалатын. Сондықтан бұл идея республика басшыларына да ұнап, күллі Кеңес одағында үлкен пікірталасқа ұласты және оның төңірегінде саяси күш шоғырлана бастады. Өйткені дамудың шаруашылық есептен кейінгі сатысы дербестік еді.

Дербестікті валютасыз жасауға болмайтындықтан 1980 жылдардың ортасынан бастап мен өзімше ұлттық валюта қандай болу керек, оның бағамы қалай жасалуы қажет екендігін зерттеп, мақалалар жаза бастадым. Сондықтан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін валютаға көшу енді оңай болатын болды деп ойлаған едім. Бірақ біз 2 жылдай ұлттық валютасыз жүрдік. Өйткені идея дайын болғанымен, саяси шешім болмады. Оны қабылдайтын – Президент. Біз Ресей рублі аймағында қалып қойдық. Ал басқа республикалар одан біртіндеп кетіп қалды. Сондықтан Жоғарғы Кеңес депутаты ретінде бұл мәселені сессияда бірнеше рет көтеріп, неге өзіміздің валютамызға көшпейміз деп сөз сөйледім. Өйткені рубль құнсызданып, қағазға айнала бастады. Сол кезде басқа елдердің кейбір азаматтары сабан ақшаны машиналап, вагондап тасып республикадан тауар мен шикізатты сатып алып кетіп жатты. Мысалы, 1992 жылы ақпанда, биліктің заң шығарушы жоғарғы органында айтқан: «Бізге қағаз ақша туралы ойлану қажет. Тұжырымдама жасап, жаңа ақшаның бағамын анықтау керек. Бұл жұмыс баяу жүруде. Ресей өз ақшасын жариялаған кезде тағы кеш қалуымыз мүмкін. Оған алдын ала дайындалу керек», деген сөзімді републикалық газеттер көшіріп басты. Алайда біз өз валютамызды енгізуде кешіктік. Идеясын бәрінен бұрын айтсақ та, оны іске асыруда тағы да көш соңында қалып қойдық. Өзімді ұлттық валюта идеясының авторы ретінде бұған әлі күнге дейін өкінемін.

Жалпы ғылым өз міндетін атқарды. Ұлттық экономиканы қалыптастырудың идеясы айтылып, теориялық негіздері жасалды. Бірақ саяси шешім кеш шықты. Идея алғаш көтерілген кезде Қазақ ССР Ғылым академиясындағы өндірістік күштерді зерттейтін кеңесте жұмыс жасадым. Осы арада теңгенің тарихына қатысты мына мәселені де айта кеткенді парыз деп санаймын. 1992 жылы идея қабылданып, тұжырымдама жасалып, заң дайындайтын жұмыс тобы құрылды. Оны Дәулет Сембаев пен Сауық Тәкежанов басқаратын. Ұлттық валютаның атауы теңге болсын деген ұсыныстар ең алдымен қазақ газеттерінде жарық көрді. Марқұм Сауық Тәкежанов жұмыс тобында ұлтық валюта атауына қатысты шешім қабылданған кезде ұсынысты қолдап, қабылдануына ықпал етті. Қарапайым халық қазір ең соңғы шешімді ғана көріп отыр. Бейнелеп айтқанда, қойылымның аяғындағы сахнаның жабылар кезін. Оған дейін қойылымның 1, 2 актілері болады ғой. Мен соны айтып тұрмын.

Теңгенің өзге валюталардағы бағамы қалай жасалуы туралы айтатын болсақ. Валюта бағамы алғашқы кезде 1 долларға шаққанда 4,75 теңге болды. Оған дейін өз мақалаларымда ұлттық валютаның 1 АҚШ долларындағы бағамы 13 теңге шамасында болу керек деп жазып жүргенмін. Мәскеуде жүрген кезімде жұмыс тобы асығыс өз шешімін шығарып жіберіпті. Бұл жерде олар ұлттық валютаны көтереміз деп оған экономикалық емес, саяси тұрғыдан қараған. Бұл өзі қызық жағдай. Шешім қабылдағанда саяси жағы кеш келсе, теңгенің бағамын белгілеуде ол басым боп кетті. Бірақ 1,5-2 айдың ішінде валюта бағамы 1 долларға шаққанда 15 теңгеге көтерілді және одан кейін де инфляция көбейіп кетті. Егер валюта бағамы негізсіз жоғары қойылмағанда, ол мұншалықты күрт құлдырамас еді.

Дамыған елдерде қағаз бен металл ақшаның арасында айтарлықтай алшақтық жоқ.Бізде теңгенің бағасы төмен. Теңге бағамы жоғары болса, металл ақшаның құны да жоғары болар еді. Валюта шығарған кезде бізде бағам дұрыс қойылмады. Соның салдарынан әлі күнге тиын есептелмейді. 1 тиынға еш зат ала алмайсыз, келмейді. Бұл ақша айналымының жоғары деңгейге жетпегенінің көрінісі. Ол жолға түскенде мұндай жағдай болмайды. Теңгенің құны жоғарылайды. Жақсы ақша айналымы болған жерде тиынға да зат алуға болады. Бұл үшін экономиканы көтеріп, ақша айналымы үдерісін жақсарту керек. Оның жолдары көп.

Қазір әлемнің барлық елінде аймақтық валюталар шығару мәселесі талқыланып жатыр. Көп пікірлер айтылуда. Бұл күрделі мәселе. Экономикалық жағынан долларды бір күнде ауыстырамын деу қиын. Ал бірнеше елдің басшысы жиналып шешімдер қабылдаса, олар тек саяси тұрғыдан шешеді. Экономикалық тұрғыдан шешу үшін біраз уақыт керек. Ол эволюциялық жолмен жүруі қажет. Егер олар ертең долларды ауыстырамыз десе, босаған ақша экономикаға кері әсер етеді. Бізде миллиардтаған, Қытайда триллиондаған доллар жатыр. Сондықтан бұл үрдіс экономикалық тұрғыдан ақырын жүріп отыруы керек. Резервтегі доллардан құтылу үшін Үндістан мен Қытай Халықаралық валюта қорынан алтын сатып алып жатыр. Олар осылай өздеріндегі доллардың белгілі бір бөлігінен құтылды. Оның нақты көлемі бізге белгісіз. Қазір аймақтық валюталар құру үрдісі мен доллардан құтылу үрдісі қатар жүріп жатыр.

Доллардың жағдайын көріп отырмыз, әлем бойынша төмендеп бара жатыр. Оның негізі – АҚШ экономикасында. Долларды құлатып жатқан ондағы рухани дамудың төмендігі. Доллар қуған топтар түрлі қаржылық пирамидалар құрып жатыр. Олар оны станокқа салып көбейтіп, басып шығарып, байып жатыр. Еңбек қайда? Еңбексіз баю тұрақты баю емес. Ол жақсылық емес.

Экономикалық дағдарыстан тезірек шығуға банк жүйесінің қосар үлесі қомақты ғой. 2010 жылдың алғашқы тоқсанынан бастап елімізде тікелей инвестициялау қорларының жұмысын жандандыруға мән беріліп жатыр. Жалпы инвестициялық қорларды қолдауымыз керек. Өйткеніоларқаржынытікелейэкономикағасалады. Банктіңапаруы да, апармауы да мүмкін. Тікелейинвестициялыққорларғабұрынкөшуімізкерекеді. Олардың үлесі төмен. Біздеқазір банкжүйесібасым. Банк жүйесіндегіреформалартүбінежеткізілгенжоқ, оныңпроблемалары бар депбұрыннан-ақайтыпкелеміз. Оғанүкіметтіңкөзідағдарыскезіндеғанаайқынжетті. Сондықтанендіреформаныаяқтаукерек. Онсыз дағдарыстан толық шыға алмаймыз. Өйткені қазіргі банктердің бәрі батыстың моделімен жұмыс істейді. Батыстың моделінің бір кемшілігі, несие нарығында жақсы көрінеді. Несие нарығы – ең тәуекелі жоғары, ең сенімсіз нарықтардың бірі. Онда пайыз деген тетік бар. Ол – инфляцияның, тұрақсыздықтың жолы. Егер бұлай кете берсе, 4-5 жылдан кейін қайтадан дағдарыс болады. Осыны түсінетін жағдайға жеттік ау деймін. Несие жүрген жерде дағдарыс болады, бола да береді. Оның баламасы – инвестициялық қорлар, ислам банктері. Сондықтан да бұл жерде несиені пайызсыз тетікпен беруді ойластыру керек. Яғни инвестиция арқылы экономикаға тікелей жіберу қажет. Оны дамытуды мемлекет қаржы институттары арқылы қолдап отыруы тиіс. Әлемде қазір ислам банктері дамып жатыр. Біз оған жаңа кірісіп жатырмыз. Мен оны 5 жыл бұрын айттым. Дағдарыс кезінде әлемде тек ислам банктері ғана тұрақты боп шығуда.

Менің көзқарасым бойынша, экономиканың тұрақты дамуы үшін әлеуметтік экономикаға көшуіміз керек. Әлеуметтік экономиканың 3 тірегі бар. Біріншісі – демократия, екіншісі – демография, үшіншісі –демоэтика (руханият). Осы 3 тірекке сүйенген экономика ғана тұрақты дамиды. Соның арқасында валюта да нығайып, бағамы тұрақты болады. Қазір 3 тіректің жағдайы онша емес. Бір-бірімен байланысы жоқ. Оған біз ғана емес, әлемнің өзге елдері де жеткен жоқ. Дамыған елдерде бір ғана тірек бар. Демократияға ғана сүйеніп, демография мен рухани даму төмендеп кетті. Оларда мораль жоғары емес. Бір тірекпен экономика еш уақытта тұрақты бола алмайды. Сондықтан дағдарыс бола береді. Ол халық жағдайын төмендетеді.

Қазір біздің стратегиялық бағытымыз – Ресей, Еуропа болып отыр. Орта Азия Одағының болашағы әзірге мықты емес. Еуропаға терезе ашып жатырмыз ғой. Оған қарсы емеспін, неге оны шығысқа да ашпаймыз. Құлдырап бара жатқан Еуропаны қайта-қайта айта береміз. Олардың проблемаларын көрмей отырған сияқтымыз. Олар тығырықта ншығарар жолды Азия елдерінен іздеп жатыр. Бұл дұрыс деуге болады шығыс пен батыстың тиімді құндылықтарын, өзіміздің ішкі мүмкіншіліктерімізді толық пайдалану – бұл Қазақстанның дамуының сара жолы. Сондықтан Қазақ елінің болашағына кәміл сенемін. 

Ораз БАЙМҰРАТОВ, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қаржы-банк менеджменті институтының директоры


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер