BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Сұлтанов криптовалюта енгізуге қатысты түсініктеме берді

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов есептік кездесу аясында Қазақстанда криптовалюта енгізу мүмкіндігіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Baq.kz.

«Халықаралық криптовалюта құру, әрине, күрделі мәселе. Ол, ең алдымен, бірқатар елдің қаржы жүйелерінің өзара әрекеттестігін қажет етеді. Мәселен, Еуразиялық экономикалық одақ аясында. Ақша-несие саясаты мен төлем жүйелерін үйлестіру мәселесі әлсін-әлсін көтеріліп келеді, бірақ оған дайындық керек», - дейді қаржы министрі.

Сұлтановтың айтуынша, жалпыәлемдік ауқымда бұл мәселенің түп-тамыры – халықаралық қаржы жүйесінің тұрақтылығында.

«Өкінішке қарай, 2008 жылдан бері біз түрлі дағдарысты бастан кешіріп келеміз. Мұның барлығының негізінде қаржы жүйесінің жетілмегендігі жатыр. Криптовалюталар, олардың осы мерзім ішіндегі тұрақты өсімі әлем назарын аудартып отырғаны белгілі. Оның үстіне, бүгінде барлық саланың цифрландырылуы қарқынды жүріп жатыр. Бұл өзгеріс қаржы секторына да әсерін тигізеді, сол себепті біздің алдымыздағы міндет – халықаралық валюталардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету», - деп атап өтті Сұлтанов.

Министрдің пікірінше, бүгінде қолданыстағы валюталар дағдарыс жылдары көптеген проблемаға төтеп бере алмаған.

«Менің ойымша, бұл мәселені жан-жақты саралап, талқылау қажет. Нақты Қазақстан туралы айтар болсақ, біз қазір мұнайға тәуелділіктен құтылудың жолын іздеп жатырмыз. Мұнай бағасының бір кішкене құбылуы көрші елдер мен біздің валютаға қалай әсер етіп жатқанын сіздер де көріп отырсыздар. Экономиканы әртараптандыру, экономиканың тұрақты өсімін қалыптастыру бойынша міндеттерді есепке алсақ, әрине, мұндай валюта құру сенімді әрі тұрақты өсім үшін қосымша алғышарт болуы мүмкін», - деп түйіндеді ведомство басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер