BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ұлттық Банк «Шашу» монеталар сериясын шығарды

Фото: Otyrar.kz

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2017 жылғы 13 желтоқсанда номиналы 500 теңгелік «proof» сапасымен «Қазақстанның әдет-ғұрыптары, ұлттық ойындары» монеталар сериясынан және номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан «Шашу» ескерткіш монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шашу – қуаныш айғағы ретінде жасалатын салтанатты дәстүр. Оған сәйкес салтанат иелеріне құда түсу, той немесе басқа да айтулы оқиға кезінде кәмпит пен тиындар шашады. Бұл сәттілік әкелетін жақсы ырым болып есептеледі.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде ою-өрнек аясында Қазақстан Республикасының елтаңбасы бейнеленген. Төменгі бөлігінде монетаның номиналын білдіретін сан (күміс монетада «500», нейзильбер қоспасынан жасалған монетада «100») және «ТЕҢГЕ» деген жазу бар. Сол және оң жақ бөліктерінде ұлттық ою-өрнек элементі бір деңгейде бейнеленген. Мемлекеттік тілде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ» және орыс тілінде «РЕСПУБЛИКА КАЗАХСТАН» деген жазуы бар.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) ұлттық әдет-ғұрып – шашудың бір сәті және Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі бейнеленген. Жоғары бөлігінде айналдыра «ШАШУ» деген жазу, соғылған жылын білдіретін «2017» деген сан бар. Күміс монетада монета дайындалған металды, оның сынамасын және массасын білдіретін «Ag 925 24g» деген жазу бейнеленген.

Монеталардың бет және сырт жағындағы бейнелер бедерлі, айналдыра шығыңқы жиек жүргізілген. Қыры да (гурты) бедерлі болып келеді.

Монеталар:

- 925 сынамалы күмістен жасалған, массасы – 24 грамм, диаметрі – 37 мм, дайындау сапасы – «proof», ең көп таралымы – 3 мың дана;

- «нейзильбер» қоспасынан жасалған, диаметрі – 31 мм, массасы – 11,17 грамм, таралымы – 10 мың дана.

Естелік монеталарды «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан теңге сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны дайындаған. Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 25 қыркүйектегі № 1193 Жарлығымен бекітілген Қазақстан теңгесі – ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес әзірленген.

«Proof» сапасымен жасалған ескерткіш монеталар коллекциялық құны бойынша сатуға арналған. Олар кәдесыйлық ораумен шығарылады және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі нөмірлік сапа сертификатымен жабдықталған.

Номиналы 500 теңгелік ескерткіш монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында көрсетілген құнымен төлемнің барлық түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына есептеу үшін және аударым жасау үшін қабылдануға міндетті, Қазақстан Республикасының барлық банкінде шектеусіз ұсақталады және айырбасталады.

Нейзильбер қоспасынан жасалған естелік монеталар жақсартылған сапамен дайындалған және сату үшін арнайы полиграфиялық орауға салынған.

Монеталарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің барлық филиалында, ал күміс монеталарды сондай-ақ «Монеталардың Интернет-дүкені» www.nationalbank.kz ҚРҰБ сайтының интернет дүкені арқылы сатып алуға болады. Алматы қаласында мына мекенжай бойынша: Панфилов көшесі, 98.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер