Қаржы министрлігі блокчейн технологиясын іске қосады - Қаржы|05 Маусым 2018, 15:45
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Қаржы министрлігі блокчейн технологиясын іске қосады

2018 жылдың тамыз айында салықтық әкімшіліктендіруді цифрландыру мақсатында блокчейн технологиясын қолдана отырып, салықтың түсу айқындығын қамтамасыз ететін жобаның тұсаукесерін өткіземіз. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Алдымен министр бюджеттің кірістерін әрі қарай нығайту үшін 2017 жылы Үкіметте тиісті жоспар қабылдағанын алға тартты.

«Оны іске асырудың нәтижесінде өткен жылы ЖІӨ-ге шаққандағы салықтық түсімдердің төмендеу тренді күрт өзгеріп, жоспардағы 15,8%-тің орнына 1%-тік пунктке жоғары орындалды. Салық, кеден салаларында әкімшілендіруді жақсартуда біраз жұмыстар атқарылуда. Мәселен кеден саласында импорт операциялардың уақытын қысқарту үшін «Астана-1» және пилоттық режимде тауарларды таңбалайтын ақпараттық жүйелері іске қосылды», - деді Бақыт Сұлтанов.

Осы орайда ол қосымша құн салығын жинау және аталған салықты әкімшілендіру мақсатында 2014 жылдың бірінші шілдесінен бастап, электронды шотфактура жүйесі іске қосылғанын атап өтті.

«Ағымдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап, осы жүйе арқылы мониторингке жататын 300 ірі салық төлеушілер шотфактураларын электронды түрде жазуға міндетті. Бұл жүйе салық органдары үшін қосымша құн салығын қайтару кезінде бақылау процедураларын оңтайландыруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қатар қаржы министрі тамыз айында блокчейн технологиясын қолданып, салықтың түсу айқындығын қамтамасыз жобаны қолға алатынын жеткізді.

«Осы жылдың тамыз айында блокчейн технологиясын қолдана отырып, қосымша құн салығының орындалу айқындығын қамтамасыз ететін жобаның тұсаукесерін өткізгелі отырмыз. Жобаның мәні салық төлеушілердің қаржылық-транзакцияларын онлайн түрде қадағалап, оларға салықты уақытында қайтару», - деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұланов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер