BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Карточкамен төлем жасаудың артықшылығын білесіз бе? Эксклюзив

Фото: Сравни.ру

Алдағы санаулы жылда әлемнің бірнеше елінде қолма-қол төлем жүйесі мүлдем жойылуы мүмкін. Яғни, қазіргі купюралар да, монеталар да айналымнан шығып, оның орнын карточкалық төлем жүйесі басады.

Дамыған және дамушы елдер бұл қадамға бірден бармасы анық. Сол үшін қазір қолма-қол ақшадан бас тартуды экономист-ғалымдар кезең-кезеңмен жүзеге асыру мәселесін талқылап жатыр. Ең алдымен ірі купюраларды басып шығаруды тоқтатып, қолма-қол ақшамен ірі көлемде сауда жасауға тыйым салынуы керек дейді олар.

Жалпы, бұдан кез-келген ел билігінің ұтары көп екен. Атап айтқанда, ол (билік) бүкіл сауда транзакцияларын өз бақылауына алады. Демек, бұрынғыдай ешкім салықтан да жалтара алмайды деген сөз. Өйткені, әрбір сауда операциясы банктер арқылы жүргізіліп, кімнің қанша ақша жаратып жатқаны тіркеліп отырады. Карточкалық төлем жүйесінің тек билікке емес, халыққа да тигізер пайдасы көп, бірақ ол жайында сәл кейінірек...

Бүгінде қолма-қол ақшаға қарсылық білдіріп отырған әлемдік сарапшылардың саны өте көп. Мәселен, былтыр Давоста өткен дәстүрлі форумда Нобель сыйлығының лауреаты Джозеф Стиглиц «қағаз» ақшадан бас тартып, сандық валютаға өтуді бүкіл әлемге ұсынды. Ал, Американың бұрынғы қаржы министрі Лоуренс Саммерс болса өз мақалаларында АҚШ-тың жақын уақытта 100 және 50 долларлық купюраларды шығаруды тоқтататынын айтып жүр. Гарвард университетінің профессоры Кеннет Роггоф та «Қолма-қол ақшаның қарғысы» деген кітабын жазып, онда «қағаз» ақшаның пайдасыз тұстарын ашып көрсеткен.

Батыс елдері ғана емес, қолма-қол ақша айналымына Оңтүстік Корея да қарсы. Алдағы 5-10 жыл аралығында Сеул бұл жүйеден мүлдем бас тартпақ. Үндістан билігі болса ірі купюраларды осыдан біраз уақыт бұрын айналымнан мүлдем шығарып тастады.

Сондай-ақ, Bloomberg сарапшыларының мәліметінше, бүгінде Швецияда сауда айналымындағы қолма-қол есеп айырысудың үлесі 1,8 пайызды ғана құрайды екен. Елдегі көптеген дүкен ақшаны тек банк карточкаларымен қабылдайды. Ал, Еуропа Орталық банкі қазір 500 еуролық купюрадан бас тарту идеясын талқылап жатыр.

Көрші Ресейде де дәл осындай жағдай. Мәскеу алдағы 10 жылдың ішінде купюралар мен монеталардан бас тартудың тетіктерін қарастыруда. Ал, қазақстандық сарапшылар болса біздің елге бұл өзгерістің сәл кешеуілдеп жететінін айтып отыр.

Мәселен, экономист Айдархан Құсайыновтың пікірінше, «қағаз» ақшадан бас тартуға қазақстандық банктер емес, халықтың өзі дайын емес көрінеді.

«Біздің мемлекет толықтай карточкалық төлем жүйесіне жақын болашақта ауыса алмайды. Бұл өзгеріске ұмтылу жақсы әрине, жоспар құрған да дұрыс. Бірақ, қанша жоспар құрып, банктеріміз дайын болса да біз қолма-қол төлем жүйесінен бүгін-ертең құтыла алмаймыз. Өйткені, халық оған дайын емес, біздің менталитетіміз басқа. Сол үшін үкімет банктермен бірге халықпен де жұмыс істеуі керек, адамдардың психологиясын өзгертуіміз қажет. Сонымен қатар, post-терминалдардың санын арттыру керек. Соның өзінде елде тұрғындар жаппай карточкалық төлем жүйесіне ауысып кете салмайды, бізге біраз уақыт керек», - дейді А.Құсайынов.

Ал, Ұлттық банк өкілдерінің мәліметінше, елде қолма-қол ақшамен сауда жасайтындардың үлесі әлі де болса 80 пайызды құрайды екен. Дегенмен, баяу болса да өзгерістер жүріп жатыр дейді олар. Мәселен, екінші деңгейлі банктердің белсенді жұмысының арқасында төлем карточкаларын пайдаланатындар саны Қазақстанда 6 есеге артқан. Бұған ең алдымен түрлі онлайн-сервистер мен банктердің мобильді қосымшаларын іске қосуы себеп болып отыр.

Жалпы, біле білген адам үшін карточкалық төлем жүйесінің артықшылықтары расымен де өте көп. Мәселен, сіз ақшаңызды дүкенде, автобуста, базарда немесе өзге де қоғамдық орындарда ұрлатып алмайсыз (өкінішке қарай, біздің елде қылмыстың бұл түрі өте жиі кездеседі). Қалтаңыздан түсіп те қалмайды. Ал, карточканы жоғалтып алсаңыз, ақшаңызға еш қауіп жоқ. Жаңа карточка жасату «тиын» тұратынын да ұмытпағаныңыз жөн.

Бұл әрине, төлем картасы пайдасаның қарапайым бір бөлігі ғана. Оның тұтынушы үшін қандай артықшылығы барын банк маманынан сұрап көрген болатынбыз.

Досбол Арыстанбеков, «Қазақстан Халық банкі» АҚ PR-менеджері:

– Картамен төлем жасау жүйесінің ең бірінші артықшылығы – қаражаттың сақталуында. Кез келген картаны қолданушы төлем картасын жоғалтып алатын болса, онда тек пластиктің бір бөлігін ғана жоғалтады. Ал, ақша қаражаты банк шотында қаннен қапірсіз сақтаулы қалады. Бұл тарапта ең бастысы әрбір қолданушы жеке ДСН-кодын сақтау қағидасын ұстануы керек. Бұл дегеніміз жеке ДСН кодын бөгде адамға айтуға және картамен бірге сақтауға болмайды.

Екіншіден картамен төлем жасау қауіпсіз. Оның үстіне 3D secure қорғанысы енгізілген карталарда, сәйкесінше ғаламтор арқылы жасалған кез келген сауда-саттық халықаралық төлем жүйесі тарапынан қорғалады. Сондай-ақ мейрамханаларда, дүкендерде және басқа да төлем карталарын қабылдайтын мекемелерде қолма-қолсыз төлем жүргізу арқылы белгілі мөлшердегі жеңілдіктер мен бонустарды алу мүмкіндігі туады.

Төлем карталар жүйесіне ауысу арқылы шығындарды қадағалау мүмкіндігі айқара ашылады. Нақтырақ айтар болсақ, қолданушы қанша және қайда ақша қаражатын жұмсағанын еске сақтаудың қажеттілігі жоқ. Тек жай ғана интернет-банкинг бөлімінде толыққанды ақша қозғалысын қадағалап, тіпті мобильді банкингке қосылу арқылы әрбір транзакция бойынша СМС-хабарлама алып отыру мүмкіндігі болады.

Қосымша Банк серіктестерінің желісінен картамен төлем жасаған сәтте карта қолданушысы бонустарға ие болады.

Сондай-ақ, ата-анасына, достарына, туыстары мен таныстарына тек мобильді құрылғының көмегімен ақша қаражатын аудару өте ыңғайлы және оңай болып келеді.

Сонымен қатар, картаның иелері мобильді қосымшаның көмегіне жүгіну арқылы коммуналдық қызметтерге, мобильді байланыс және өзге де қызмет түрлеріне үйден шықпай-ақ төлем жасай алады.

Төлем карталарының тағы бір артықшылығын шетелге жиі сапарлайтындар жақсы біледі. Баршаға мәлім, кеден бекетінен өтер кезде қалтаңда ірі ақша болса, декларация толтыруың қажет. Яғни, аталған құжатта шетелге қанша сома алып бара жатқаныңды, оны не мақсатта жарататыныңды толық көрсетуің тиіс. Ал, карточкаға ақша салып шықсаңыз, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Оның үстіне, Батыстың кей елдерінде қонақ үйлер тек төлем карточкасымен ғана есеп айырысады.

Рас, қазір карточкасында сақтаулы тұрған ақшасынан айрылып қалып жатқандар да кездеседі, олар – интернет-алаяқтарының құрбандары. Алаяқтарға алданбау үшін ең алдымен тұтынушы аңғал болмауы керек дейді банк мамандары.

Досбол Арыстанбеков, «Қазақстан Халық банкі» АҚ PR-менеджері:

– Картаны қолданушылар алданып қалмауы үшін қандай жағдай болмасын, карта нөмірі, оның жарамдылық мерзімі, карта иесінің деректері мен картаның артқы бетіндегі кодты, сондай-ақ, бір реттік парольдар мен интернет-банкинг жүйесіне кіруге арналған деректерді құпия сақтауы тиіс.

Банк осы атаулы деректердің барлығына ие және қандай жағдай болмасын банк өз тарапынан карта деректерін және жеке дербес ақпараттарды анықтау мақсатында сілтемелер, смс-хаттамаларды жолдау немесе қоңырау шалу арқылы анықтамайды. Ғаламтор арқылы тауарлар мен қызметтерге төлем жасау кезінде негізгі ақша қаражаты шоғырланған картаңыз жалақылық немесе кредиттік емес, өзге картаны қолданғаныңыз абзал болады.

Телефоныңызды жоғалтып немесе ұрлатып алған жағдайда шұғыл түрде мобильді операторыңызға жүгіну арқылы СИМ-картаңызды бұғаттаңыз және банктің байланыс орталығы арқылы интернет-банкинг жүйесіне телефон арқылы кіру мүмкіндігін шектегеніңіз жөн болады.

Мамандардың пікірінше, толықтай карточкалық төлем жүйесінен тек салықтан жалтаратын ірі кәсіпкерлер ғана ұтылуы мүмкін. Ал, жалпы алғанда, бұл жүйенің халыққа да, үкіметке де тек пайдасы тиеді. Мұны Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің экономист-ғалымдары айтуда.

Оның үстіне, қолма-қол төлем жүйесінен бас тарту арқылы сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шаппасақ та, деңгейін айтарлықтай төмендетуге болады екен. Сол секілді, терроризм, адам мен есірткі және қару-жарақ саудасына да тосқауыл қойылады. Өйткені, мұндай ірі қылмыстық жүйенің өкілдері көп жағдайда тек купюралармен ғана есеп айырысады. Демек, жақын болашақта әлем елдерінің жартысы «қағаз» ақшадан бас тартып, электронды төлем жүйесіне өтеді, бұл айдан анық. Ал, дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат етіп отырған Қазақстан бұл өзгерістерден шет қалып кетпеуі керек. Үкімет аталған жүйені ендірудің тетіктерін бүгінде әзірлеп қойған да шығар, тек оны созып алмай қазірден бастап жүзеге асырса – дамушы елдердің көшінен қалмай алдағы 10 жыл көлемінде біз де карточкалық төлем жүйесіне толыққанды көшеміз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер