Ішкі істер министрі 21,5 млрд қарыздың қалай жабылатынын түсіндірді - Қаржы|05 Маусым 2018, 18:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ішкі істер министрі 21,5 млрд қарыздың қалай жабылатынын түсіндірді

Фото: primeminister.kz

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов депутаттарға 21,5 млрд теңгені құрайтын дебиторлық және кредиторлық берешектің қалай жабылатынын түсіндірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Отырыста депутат Қанат Мусин ҚР Ішкі істер министріне өзін толғандырып жүрген сауалды жолдады.

«2017 жылы ішкі істер министрлігінде дебиторлық және кредиторлық берешектер бойынша қомақты қаржы жиналды. Дебиторлық берешектің сомасы 18,5 млрд теңгені және кредиторлық берешек 3 млрд теңгені құрады. Қарыздың жалпы сомасы – 21,5 млрд теңге. Бюджеттік кодекске сәйкес, дебиторлық әрі кредиторлық берешектің болуы, бұл – сапасыз әкімшілендірудің қаржылық тәртіптің әлсіздігінің көрсеткіші. Себебі, дебиторлық берешек, бұл министрліктің қаражатты тиімсіз пайдалануын көрсетеді. Сонымен қатар, ведомство өз қызметкерлерінің алдындағы жалпы берешек сомасы - 1,9 млрд теңге. Құрметті Қалмұханбет Нұрмағанбетұлы, дебиторлық және кредиторлық берешекті қалай және қашан өтейін деп отырсыздар», - деді депутат.

Өз кезегінде Қалмұханбет Қасымов қойылған сауалға толық жауап беруге тырысты.

«Өткен жылы біздің министрлікте 18,5 млрд теңгеге дебиторлық кредит пайда болды. Оның ішінде 17 млрд теңгені біз екі ұшақты сатып алуға жұмсадық. Бірінші ұшақты біз Қытайдан сатып аламыз. Оған 14,2 млрд теңге төленді. Ал биыл 3,2 млрд теңге төленеді. Қазір ұшағымыз 97% дайын тұр. Жылдың аяғында сатып аламыз. Екінші ұшақты алуға Украинаның Харьков қаласындағы зауытқа тапсырыс бердік. Бірақ олармен 1,5 жыл бойы соттасып, мамыр айында Харьков облысының соты шешім шығарды. Бізге зауыт 15 млн долларды қайтарады», - деді министр.

Осы орайда ол ішкі істер министрлігінің кредиторлық берешегіне тоқталды.

«Министрліктің кредиторлық берешегі осы жылдың басында 3 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде 1,8 млрд теңге Ұлттық ұлан қызметкерлерінің тұрғын үйді жалға алу бойынша, қызметтік үйлерді жекешелендіруге мемлекет беретін өтемақы. Қазір біз осы жағдайды қаржы министрлігімен бірге шешіп жатырмыз. Сонымен қатар басқа кредиторлық берешегіміз бар. Мысалы, 5 айдың ішінде біз 400 млн теңгені құрайтын қарызымызды толықтай жаптық. Қалған сома бойынша қаржы министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз», - деп түйіндеді сөзін Қалмұханбет Қасымов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер