BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Халықаралық ұйым Арал өңірін дамытуға 3 млн доллар бөледі

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы Арал өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға 3 млн доллар бөлуге ниетті. Бұл туралы Арал өңірінің мәселелеріне арналған халықаралық симпозиумының кулуарында БҰҰ-ның резидент-координаторы, БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Норимаса Шимомура мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Дүниежүзілік банк және Халықаралық Аралды құтқару қоры және көптеген ұйым аталған мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Қазіргі таңда Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы аталған проблеманы шешуге ниетті. Біз қызылордалық әріптестерімізбен біріккен жобаны жүзеге асырмақпыз. Қаржының көлемі үлкен емес. Ол – 3 млн доллар. Бұл Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге бағытталған. Осылайша, аталған өңірдегі денсаулық саласындағы мәселелерді шеше отырып, халықтың өмір сүру сапасын көтеруді көздеп отырмыз», - деді Норимаса Шимомура.

Халықаралық ұйымның өкілдері аталған жобаны жүзеге асыру үшін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевқа бірігіп жұмыс істеу жөнінде ұсыныс білдірген.

«Аталған жобаны осыдан жарты жыл бұрын қолға алдық. Яғни бұл өңірдегі мәселені шешу үшін Қызылорда облысы әкімдігіне өз ұсынымызды айттық. Біздің жобамыз 3 бағытқа бөлінген. Бұл – әлеуметтік, экологиялық және экономикалық салалармен байланысты», - деді БҰҰ даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі.

Осы орайда, Норимаса Шимомура аталған жоба Арал өңіріндегі қандай мәселелерді шешуге бағытталғанын айтып өтті.

«Экологиялық салаға қатысты мәселеге тоқталайын. Арал өңіріндегі тұрғындар бұрын балық шаруашылығымен айналысты. Бірақ қазіргі таңда олар бұл салада жұмыс істей алмайды. Себебі, Арал теңізінің кеуіп кетуі салдарынан бұл кәсіп құлдырауға ұшырады. Осы орайда біздің мақсатымыз өңірдегі тұрғындарға ақша табудың альтернативті жолдарын іздеуге көмектесу. Біз микроқаржыландырудың механизмдерін пысықтамақпыз немесе суды дұрыс пайдаланудың жолдарын көрсетпекпіз. Бұл жұмыстар Арал өңіріндегі жағдайды жақсартуға септігін тигізеді деген сенімдеміз», - деп түйіндеді сөзін ол.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев биыл Арал ауданына қомақты қаражат бөлінетінін жеткізді.

«Жақында облыс әкімдігі Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық жол картасына 114 млн теңге бөледі», - деді облыс әкімі журналистерге Астанада өтіп жатқан халықаралық симпозиум кулуарында.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
31 Желтоқсан 2018, 10:01
Доллар арзандады
Пікірлер