BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» Астана банкінде бұғатталған стипендияға қатысты түсінік берді

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз конференциясын өткізді. Баспасөз конференциясында Астана Банкі арқылы стипендия алатын студенттердің Банк енгізген шектеулерге байланысты жағдайына түсініктеме берілді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияда Орталық вице-президенті Талғат Асқаров туындаған мәселені шешу жолдары туралы айтып, журналистер сұрақтарына жауап берді.
Спикер өз сөзінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан стипендиаттар саны 1304 адам екенін айтты. Жалпы 327 адам Астана Банкі картасы арқылы өздерінің айлық стипендиясын алады. Оның ішінде 312 адам шет елде, 15 адам Қазақстанда тілдік курстарда оқып жатқанын жеткізді.

"Орталық Ережеге сәйкес, мамыр айының стипендиясын Астана Банкі арқылы 2018 жылғы сәуірдің 19-20 күндері стипендиаттар есеп-шотына аударған. Стипендия Банк операцияларына байланысты есеп-шотқа 1-3 күн аралығында түсті. Қазіргі уақытта кейбір стипендиаттарда туындаған сұрақтар бойынша Орталық пен Банк арасында бірнеше келіссөздер өткізіліп, мәселенің 2018 жылғы 5 мамырына дейін шешілетіндігі анықталды. Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Орталық стипендиаттардан ресми өтініш жазуларын сұрайды. Егер "болашақтықтар" "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-ға ресми хат жазса, бұл мәселені тез арада шешуге мүмкіндік болады. Дегенмен, әзірге стипендиаттардың ешқайсысынан хат келген жоқ" - дейді Талғат Асқаров.

Сонымен қатар ол стипендиаттарға 5 мамырға дейін шоттарындағы ақшаны алып алуға кеңес берді.

"Біз әр айдың 20-нан, келесі айдың 5-і аралығында стипендияны шоттарына аударып қоямыз. Бұл студенттердің ай соңында есептесуіне ыңғайлы уақыт. Мамыр айының стипендиясы да өткен айдың 20-сында аударылған. Алдағы уақытта мұндай кешігу болмайды деп ойлаймыз. Келесі стипендия 5 маусымға дейін басқа банк арқылы жіберілетін болады. Дегенмен бұл жерде ескеретін бір жағдай, студенттердің басым көпшілігі шет елде болғандықтан, ақша аударымы кезінде қай банк аз комиссия алады, соған да назар аударамыз" - дейді Талғат Асқаров.

Болашақтың студенттері стипендияны Банк Астаны банкі арқылы алады. Қазір банк қаржылық қиындыққа тап болғаны белгілі, соңғы апталарда салымшылар салған ақшаларын жаппай қайтарып алып жатыр. Бейресми ақпараттарға қарағанда, қайтарып алған ақшаның көлемі 30 млрд теңгеден асқан. Болашақ стипендияны аударып қойған, алайда студенттер ала алмай жүр, өйткені, банк айына алуға болатын сомаға шектеу қойды. Кеше Болашақ "біздің студенттер үшін шектеу уақытша алынды, осы уақыт ішінде ақшаларын шешіп алғаны немесе басқа карточкаға аударып алғаны дұрыс" деген.

Біз осы мақаланы дайындап жатқан кезде Халықаралық бағдарламалар орталығынан төмендегідей қысқаша хабарлама келді.

"Негізі, мәселе шешілді деуге болады. Кешкісін банктен xабардама келді. Банкпен келіссөздер нәтижесінде, шет елдегі болашақтықтар үшін Банк шектеу мөлшерін 500 мыңға дейін ұлғайтты" - дейді орталықтың баспасөз қызметкерлері.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер