BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Елiмiзде базалық зейнетақы қайта есептеледi – Т.Дүйсенова

2018 жылы елiмiздегi зейнеткерлердiң базалық зейнетақысы қайта есептеледi. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова ведомство алқасының кеңейтiлген отырысында айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң алдына 2017-2018 жылдары азаматтардың әлеуметтiк қамту деңгейiн бiртiндеп көтеру мiндетiн қойған болатын. Осыған орай, биылғы жылы барлық зейнеткерлер немесе 2 миллионнан астам адамның зейнетақы көлемi 20 пайызға артады. Бюджеттi нақтылау кезiнде бұл мақсатқа шамамен 80 млрд теңге көзделген», - дедi министр.

Т.Дүйсенованың айтуынша, алдағы уақытта базалық зейнетақыны тағайындау әдiстемесi өзгерiске ұшырайды. Жаңа әдiстеме бойынша есептелетiн ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң өзгеруiне байланысты 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектiк, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және базалық зейнетақы мөлшерi 16 пайызға артады.

«Еңбек, әлеуметтiк қорғау және көшi-қон комитетi аумақтық департаменттерi, Азаматтарға арналған мемлекеттiк корпорация дирекциясы филиалдары, яғни зейнетақы және жәрдемақы төлеу орталықтары басшыларының назарын барлық зейнеткерлердiң базалық зейнетақысының қайта саналатынына аударғым келедi. Мұнда, бiрiншiден, зейнеткерлiк құжаттардағы 1998 жылға дейiнгi еңбек өтiлi қаралады. Дегенмен, зейнеткерлерге жұмыс өтiлi жайлы қосымша құжат тапсырудың қажетi жоқ. Одан кейiн, яғни 1998 жылдан соң азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесiндегi аударымдары есептеледi. Ал мiндеттi зейнетақы жарналарының аударылғаны жайлы ақпарат бiздiң ведомствоның Еңбек ресурстарын дамыту орталығының Бiрыңғай есептiк ақпараттық базасынан берiледi. Қандай да бiр қосымша құжаттарды тапсыру қажет емес», - дедi Дүйсенова.

Еңбек министрi бүгiнгi таңда өз-өзiн жұмыспен қамтыған 1 миллионнан астам адам жинақтаушы зейнетақы жүйесiне қатыспайтынын айтты. Олар зейнеткерлiк жасқа жеткенде зейнетақының бiр ғана түрiн – ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң 54 пайыз мөлшерiндегi базалық зейнетақы алады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер