BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

БТА банк оффшорлық компанияға 136 млн-нан астам долларды кепілдіксіз берген

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов пен оның сыбайластарының қылмыстық ісі бойынша басты сот отырысы одан әрі жалғасуда. Бүгінгі кезекті сот отырысында мемлекеттік айыптаушылар «БТА банкі» АҚ-ның миллиондаған қаражатын жымқыруға қатысты тағы бір жаңа эпизодты жария етті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2006 жылы Британ Виргин аралдарында тіркелген Мұхтар Әбіләзовтің бақылауындағы «Rimos Ltd» компаниясы арқылы «БТА банкі» АҚ-ның шоттарынан 136 миллионнан астам АҚШ доллары ұрланған. Британ Виргин аралдарындағы компания БТА банктен 136 миллионнан астам АҚШ долларын ешқандай кепілдіксіз алғаны мәлім болды. Бұл туралы сот отырысында БТА банктің өкілі Талғат Амантай хабарлады.

«Тіркелу рәсімі жүзеге асырылғаннан кейін «Rimos Ltd» компаниясы «БТА банкі» АҚ-на 136 миллионнан астам АҚШ доллары көлемінде банкілік қарыз беруге өтініш жолдайды. Бұл қаражатқа Ресей Федерациясының Мәскеу облысынан жер учаскесін сатып алу, «Somerset Project Inc» компаниясын (таратып айтқанда «Chesterland Invest Corp» компаниясының 100 пайыз акциясын сатып алу жоспарланған) қаржыландыру, инвестициялық шығындардың орнын толтыру көзделген болатын»,- деп әңгімеледі сотта «БТА банкі» АҚ-ның өкілі.

Оның айтуынша, аталған компанияны қаржыландыруда ешқандай да мүлік кепілдікке қойылмаған. Естеріңізде болса, бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде сотқа түсінік берген бірнеше куәгер резидент емес компаниялардың құжаттарының барлығы осындай мақсат үшін арнайы құрылған бөлімде сақталып келгенін айтқан болатын. Ол бөлім №6 корпоративтік бизнес басқармасы деп аталған. Куәгерлер сотта бұл басқарманың жұмысын тікелей Мұхтар Әбіләзовтің өзі бақылауда ұстағанын растады. Атап айтарлығы, БТА банк Мұхтар Әбіләзовке тиесілі оффшорлық компанияларға несиелерді ешқандай мүліктік кепілдіксіз беріп отырған.

БТА банкте белгілі бір бекітілген нормалар, қалыптасқан ережелер болған. Алайда сондай бекітілген нормаларға қарамастан, Мұхтар Әбіләзов пен оның ұйымдасқан қылмыстық қауымдастығы «Rimos Ltd» компаниясына БТА банктен 136 миллионнан астам АҚШ долларын 2009 жылдың желтоқсан айына дейін жылдық 14 пайыздық сыйақылық мөлшерлемемен беруге шешім қабылдайды. Айта кетерлігі, бұл несие банкке қайтарылмаған. Себебі мұндай несиелердің барлығы қайтарымсыз несие болып қала берген.

«Одан әріде Мұхтар Әбіләзовтің тікелей нұсқауымен аталған қаражат «Rimos Ltd» компаниясының шотына «Trasta Komercbank» (Латвия – автордың ескертуі) арқылы аударылған. Сондай-ақ, көп ұзамай оффшорлық шоттарға шығарылған»,- деп мәлім етті сотта Талғат Амантай.

«БТА банкі» АҚ бірнеше миллиондаған валюталық несиені бере отырып, кепілзат есебінде Мәскеу облысындағы жер учаскесін және «Chesterland Invest Corp» компаниясының акцияларын қоюына мүмкіндігі болған. Алайда мұндай әрекет жасалмаған. Кейініректе сот отырысында «Rimos Ltd», «Bexley Holding Sarl» сияқты компаниялардың бір күндік қана мақсат үшін құрылғаны мәлім болды. Мұхтар Әбіләзов оларды заңдық негізде несие беру деген желеумен ашып, БТА банктің қаражатын ұрлаумен айналысқан.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер