BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алғаш рет алтын-валюта сақтау қоры 1991 жылы құрылды

Астана. 18 қараша. Baq.kz - Қазақ елінің тәуелсіздік алған жылы маңызды әрі шұғыл міндеттерінің бірі алтын-валюта сақтау қорын құру болды. Осы мақсатпен 1991 жылдың тамызында Президент Жарлығымен «Алтыналмас» Ұлттық акционерлік компаниясы мен Ұлттық Банк құндылықтарын сақтайтын Мемлекеттік сақтау орны құрылды.

Ал, 1992 жылдың 7 қаңтарында қазақстандық рудадан құйылған 11 кг тартатын ең жоғары сынамалы (99,99) бес алтын кесегі мен 30 кг екі күміс кесегі Ресейдегі бөлістен кейін Отанына қайта оралды. Республика тарихында алғаш рет оның жер қойнауынан игерілген асыл металдар өз игілігіне айналды. Бұған дейін қазақстандық алтын мен күміс сыртқа шығарылып, Кеңес Одағының алтын қорында сақталған болатын.
Бұл қорды құруда ұлттық валютаны енгізуді жақтаушылардың бірі Сауық Темірбайұлы Тәкежановтың еңбегі зор болды. Ол басшылық еткен Экономикалық реформа жөніндегі Комитет Ұлттық валютаға ауысудың Бағдарламасын әзірлеп, республиканың алтын-валюта сақтық қоры және құйма алтын қорын құру мақсатымен тазартылған алтын, күміс, платина, басқа да металдар мен алмастардың өндірісін ұйымдастыру және дамыту бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстанның жеке алтын қорын құруы оған төл теңгесін айналымға шығаруға және оның бағамын негіздеуге септігін тигізді. Осылайша кеше ғана тәуелсіздігін алған ел басынан түрлі экономикалық реформалар өтіп, жаңа заңдар бірінең соң бірі дүниеге келіп жатты. Солардың бірі «Алтын және алмас қорлары туралы» Заңы екі жылға кешіктіріліп, 1993 жылы 3 сәуірінде қабылданды. Осы заң жобасы аясында, Ұлттық банк алтын өндірісін қаржыландырып, алтын өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға несие бере бастады. «Алтыналмас» компаниясы жұмысының алғашқы жылы Республикаға 14 тоннаға жуық алтын берді. 1993 жылы Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында тазартылған алтын мен күмісті өндіру технологиясы табысты игерілді. Елімізде алтынды өндіріп, оны қоспалардан тазартатын, қайта өңдеудің тұйық циклі қалыптасты. Сол кездегі келешегі зор көптеген алтын кен орындары Ақбақай, Васильков тау-кен байыту комбинаттары мен Бақыршық тау-кен металлургиялық комбинатының басқаруына берілді.
 


Мөлдір АСҚАР


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер