BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 378.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 429.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Ақышев теңгенің әлсіреу себебін түсіндірді

Фото: интернеттен

Астана, BAQ.KZ. 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістердің өлшемдері Қазақстан Ұлттық Банкімен толық келісілген, ағымдағы жылы жекелеген макроэкономикалық көрсеткіштерді қайта қарауға негізделді. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында баяндама жасаған кезде айтты. Сонымен қатар, ол биыл теңгенің әлсіреуіне себеп болған факторларды атап өтті.

Ол инфляцияның 2018 жылғы қаңтар-қыркүйекте 3,3% болғанын атап өтті, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен төмен. Жылдық инфляция өткен жылдың соңындағы 7,1%-бен салыстырғанда қыркүйекте 6,1%-ға дейін төмендеді.

«Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауынша, 2018 жылы инфляция 5-7% нысаналы дәлізде сақталады, ал 2019 жылы инфляция 4-6% жаңа неғұрлым төмен нысаналы дәліздің жоғары шегіне жуық қалыптасуға тиіс», - деді Д. Ақышев.

Ол болашақ инфляцияның өсуіне жол бермеу үшін Ұлттық Банк 15 қазанда базалық мөлшерлемені 9%-дан 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдағанын атап өтті. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі теңгемен активтерге сұранысты арттырады және қолайлы ақша-кредит талаптарын сақтауға мүмкіндік береді.

«Жыл басынан бастап 16 қазан аралығында валюта нарығында теңге бағамы бір АҚШ доллары үшін 366,86 теңгеге дейін 10,4%-ға әлсіреді. Теңгенің әлсіреуі сыртқы факторларға байланысты болды. Біріншіден, дамушы елдердің валюталарына қатысты АҚШ долларының нығаюы. Екінші фактор – келешекте Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату туралы хабарлау. Осының аясында, жыл басынан бері Ресей рублінің әлсіреуі 15% болды», - деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы.

Сондай-ақ, Д. Ақышев Қазақстан Ұлттық Банкінің айырбастау бағамының шегін, дәлізін немесе басқа өлшемдерін белгілеместен өзгермелі айырбастау бағамы саясатын жалғастыратынын айтты.

Оның айтуынша, алдын ала деректер бойынша, қыркүйектің соңында Ұлттық Банктің алтынвалюта резервтері 30 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың активтері - 56,3 млрд АҚШ долларын құрады. Халықаралық резервтердің жалпы көлемі 86,4 млрд АҚШ доллары болды.

«Осы жылдың 8 айында депозиттер 1%-ға 17,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсімі 4,1% немесе 380 млрд теңгені құрады. Шетел валютасындағы депозиттер 2,5%-ға немесе 210 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттердің долларлануы 46%-ға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшермелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер салымның мерзімдері мен түрлері бойынша сараланады», - деп хабарлады банк төрағасы.

Қазақстан Ұлттық Банкінің басшысы кредиттеу нарығы қалпына келуде екендігін айтты. Жыл басынан бері банктердің кредиттері тамыздың соңында 2,5%-ға 13 трлн теңгеге дейін өсті.

«Қайта құрылымдаудан өтіп жатқан және лицензиядан айырылған банктердің кредиттік портфелін есепке алмағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,6%-ға немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланады. Ағымдағы жылдың 8 айында жаңа кредиттер беру 28,1%-ға немесе 1,9 трлн теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен берілетін кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы тамыздағы 12,2%-ға дейін төмендеді», - деді бас банкир.

Өз сөзін қорытындылай келе Д. Ақышев Ұлттық Банктің ағымдағы басымдығы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру болып табылатынын атап өтті.

«Біз Үкіметпен және банктермен бірге өтімділікті беру тетіктерін шұғыл әзірлеуге дайынбыз. Қазақстан Ұлттық Банкі республикалық бюджеттің өлшемдерін қолдайды және баға тұрақтылығы мен қаржы нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдайды», - деді ол.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер