BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

АХҚО жанындағы Ислам қаржылары жөніндегі халықаралық сарапшылық кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО) жанындағы Ислам қаржылары жөніндегі халықаралық сарапшылық кеңесінің (бұдан әрі – ИҚХСК) алғашқы отырысы өтті. Исламдық қаржыландыру қаржы орталығының басты бағыттарының бірі болып табылады, кеңестің қызметі оның дамуына мүмкіндік туғызады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

ИҚХСК-тің тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін осы саланың жетекші халықаралық мамандары шақырылды: Дауд Викари Абдуллах (INCEIF – Халықаралық ислам қаржылары университетінің экс-президенті), профессор Рифаат Ахмед Абдель-Карим (IFSB – Исламдық қаржы қызметтері кеңесінің бұрынғы бас хатшысы), Абделиллах Белатик (CIBAFI – Ислам банктері және институттары кеңесінің Бас хатшысы), Шейх Балал Хан (Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасы мүшесінің исламдық қаржыландыру мәселелері жөніндегі кеңесшісі), доктор Хамед Хасан Мерах (AAOIFI – исламдық қаржы институттарының бухгалтерлік есеп пен аудит жөніндегі ұйымының бұрынғы бас хатшысы), доктор Хуриях Эль Ислами (IMF Халықаралық валюта қорының ислам қаржылары жөніндегі консультанты, Индонезияның хадж жөніндегі Мемлекеттік кеңестің атқарушы комитетінің мүшесі), Мохамед Джамил Берро (БАӘ, Al Hilal Bank Басқармасының бұрынғы төрағасы) және Линар Якупов (Татарстан Премьер-министірінің исламдық қаржы институтарымен қарым-қатынас жөніндегі кеңесшісі).

Отырысты ашу кезінде, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов өзінің сәлемдесу сөзінде АХҚО Қазақстанда исламдық қаржыны дамытуға арналған қолайлы жағдайлар жасауға ниетті екенін атап айтты. Ол сондай-ақ, АХҚО міндеттерінің бірі ТМД және Орталық Азия елдеріне арналған исламдық қаржыландырудың өңірлік хабы ретінде қалыптасуы болып табылатындығын атап өтті.

ИҚХСК Төрағасы Дауд Викари Абдуллах мырза Кеңестің құрылуы АХҚО-ның алға қойған мақсаттарына жетуге көмектесетінін айтты.

«ИҚХСК мүшелері көпжылдық халықаралық тәжірибеге ие және де өңірдегі ислам қаржысын алға жылжыту және дамуға бағытталған сенімді және тұрақты инфрақұрылымын құру жөнінде қажетті сараптаманы жасап бере алады», - деді ол.

Отырыс барысында «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Құсайынов АХҚО-ның қызметімен таныстырып, АХҚО алаңында исламдық қаржы индустриясын дамытудың алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Қазақстанда алғашқы мемлекеттік исламдық бағалы қағаздардың (егеменді сукук) шығарылу процессі жөнінде ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Руслан Мейірханов хабарлады.

ИҚХСК мүшелері АХҚО-ға жаңа қатысушыларды тарту үшін Қазақстанда исламдық қаржыландыру нарығының дамуы, егеменді сукук орналастыру және АХҚО жанынан Исламдық қаржыландыру қағидаттары жөніндегі орталық кеңес құру туралы өз ұсыныстарымен бөлісіп, АХҚО-ның реттеу базасын жетілдірудің ықтимал нұсқаларын қарастырды.

ИҚХСК-тің келесі отырысы Астана қаласында ағымдағы жылдың шілде айында АХҚО-ның ресми тұсаукесері және Дүниежүзілік исламдық экономикалық форумы (WIEF) шеңберінде өтеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер