BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

2018 жылы Brent маркалы мұнайдың бағасы 75 доллардан асады – сарапшылар

Сарапшылардың болжауынша, 2018 жылы Brent маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы 75 доллардан асады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі LS сайтына сілтеме жасап.

Мұнай секторы маманы Шамиль Даурановтың пікірінше, 2018 жылы аталған маркалы мұнайдың бір баррелінің бағасы орташа есеппен 55-60 доллар болуы мүмкін. Мұнымен қатар, ол биыл әлемдегі мұнай бағасының 45 доллардан 54,9 долларға дейін қымбаттағанын айтты.

«Соңғы үш жылда мұнай саласында нарық бағасының түзілуіне спекулятивті құрам мүмкіндіктерін шектейтін өзгерістер болды. Біріншіден, бұл тақтатас мұнайының көптеп өндіріле бастауымен байланысты. Екіншіден, энергияны үнемдеу технологияларының дамуымен байланысты. Үшіншіден, нарық бағасының түзілмеуіне мұнай өндіретін мемлекеттердің сұраныс пен ұсыныстарды реттеу мақсатында мұнайды экспортқа шығармауы әсер етті. Егер мұнай өндіретін мемлекеттер осы бағытта жұмыс істейтін болса, әлемдегі мұнай бағасы шамамен 55-65 доллар болады. 2018 жылы орташа жылдық бағасы 55-60 доллар көлемінде болуы мүмкін», - дейді Дауранов.

Ол мұнай бағасының төмендеуіне экономиканың әртүрлі саласындағы энергияны үнемдеу технологияларының, тақтатас мұнай мен газдың көптеп өндірілуі тікелей әсер ететінін айтып өтті. Ал керісінше бағаның өсуіне Қытай, АҚШ және Үндістан секілді әлемдегі ірі экономикалардың өсуі де ықпал ететінін тілге тиек етті.

Мұнымен қатар, маман мұнай өндіруді қысқарту келісіміне назар аударды. 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында ОПЕК+ келісімі қатаң түрде орындалып отырады деп болжады. Айтуынша, көптеген мемлекеттің мұнай экспортын көбейту туралы талабын ескере келе, 2018 жылдың екінші жартыжылдығында Иран, Ирак, Венесуэла және Қазақстан сынды мемлекеттер бұл келісімді орындамаулары мүмкін.

«Егер әлемдегі мұнай мен газ бағасы 40-45 долларға дейін төмендесе, оларды экспорттайтын мемлекеттер мұнай өндірісін реттеуді қатаң түрде жүргізулері де мүмкін», - дейді Дауранов.

Естеріңізге сала кетсек, Ливиядағы мұнай құбыры жарылғаннан кейін Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 67 долларға жеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Мұнымен қатар, шетелдік сарапшылар мұнай бағасының мұнымен тоқтамай, 70 долларға дейін өсуі мүмкін екенін болжаған еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер