BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Жамбылда электр желілерінің бірыңғай операторы құрылады

Тараз, BAQ.KZ. Жамбыл облысында бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылады. Облыс әкімінің баспасөз қызметі берген ақпаратқа сәйкес, бұл жөнінде облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров мәлімдеді.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында мәлім болғандай, бүгінде өңірдегі электр желілерімен қамтамасыз ету шараларына толық талдау жасалған.

"Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық электр желілерінің ұзындығы 17 030,7 шақырымды құрайды. Ал қосалқы трансформаторлар саны – 3 568. Оның ішінде, бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желісінің ұзындығы 3206 шақырым, «ЖЭЖ» ЖШС теңгеріміндегі электр желілері 13 715, жеке кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен салынғаны 36,5, иесіз қалғандары 73,2 шақырым", - деді Алдамжаров.

Басқарма басшысы атап өткендей, облыста электр энергиясын тұтыну көлемі қыс мезгілінде 460-490 МВт, жаз мезгілінде 330-350 МВт құраса, оның 58-60% сырттан тасымалданады. Ал қалған 40% облыстағы энергия көздерінен алынады.

Сондай-ақ, жиында 2007-2018 жылдар аралығында бюджет есебінен салынған қолданыстағы электр желілері мен трансформатордың қосалқы станцияларының жартысына жуығы тозығы жеткені айтылды. Осы орайда, бюджет есебінен салынған және коммуналдық меншікке алынған электр желілері бойынша бірыңғай оператор құрылатын болды.

Құрылатын бірыңғай операторды «Таразтрансэнергия» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мекемесінің теңгеріміне беру бойынша шешім қабылданды. Бұл желілер мен қосалқы станциялардың техникалық жағдайын жақсартуға, күтіп ұстауға оң әсер етеді. Сонымен қатар, техникалық қызмет көрсетуге бөлінетін қаржыны да оңтайландыруға ықпалын тигізеді.

Өңір басшысы тарифтерді төмендету, ол бойынша кешенді зерделеу жүргізу керектігін ескертіп, тарифті төмендету арқылы кәсіпкерлікті дамытуға, экономиканы көтеруге болатынын баса айтып, бұл бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер