Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жаңа ұшақ таныстырылды - Индустрияландыру|27 Қыркүйек 2018, 18:16
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ұлттық ұлан жауынгерлеріне жаңа ұшақ таныстырылды

Астанадағы «Қазақстан авиация индустриясы» ЖШС базасында су жаңа Y8F200W әскери ұшағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының иелігінде қызмет көрсету үшін сатып алынған ұшақ таныстырылымы шарасында Ұлттық ұлан басшылығы мен ұшақты жасап шығарған Қытай Халық Республикасы делегация өкілдерінің арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Ал таныстырылым шарасына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымов, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов,армия генералы Мұхтар Алтынбаев пен ҚХР Қазақстан Республикасындағы өкілетті және төтенше елшісі Чжан Сяо, «AVIC» корпорациясы Бас директорының орынбасары Ванг Джин және өндіруші зауыттың өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған «AVIC» корпорациясы Бас директорының орынбасары Ванг Джин Қазақстан мен Қытай өзара ынтымағы жарасқан тату көршілер екендігін жеткізді.

«Біздің Қазақстанмен байланысымыз уақыт өтен сайын тереңдеп келеді. 2013 жылы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Бір жол, бір белдеу» бастамасын көтерген болатын. Осы бастама аясында «AVIC» корпорациясы авиаөндіріс саласында жан-жақты әріптестікті дамытуға бағытталған өзінің «Әуедегі жібек жолы» бағдарламасын ұсынды. Осындай мақсаттағы жұмыстарымыз өз жемісін беріп, тараптарға тиімділігін көрсетеді деген сенімдемін», – деді.

Y8F200W әскери-көлік ұшағы көпмақсатты орта-ұзақ қашықтықта әскерилер мен әскери қару-жарақты, техникаларды әуеде тасымалдауға арналған. Сонымен қатар, бұл әуе кемесі арнайы ұшу-қону алаңынсыз топырақты немесе қарлы жерде ұшу-қону мүмкіндігіне де ие. Оған қоса, күндіз бен түнге қарамай күрделі ауа-райы жағдайында өз міндетін мінсіз орындай алады. Тіпті, қоршаған ортаның -50°C мен +50°C ауа температурасында қолдануға болады.

«Бүгін біз үшін айрықша атаулы күн. Өйткені, Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Назарбаев нақты атап көрсеткендей, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілетін күшейту жолында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда. Соның айқын бір дәлелі Ұлттық ұлан авиациясының құрамы тағы бір су жаңа әскери ұшақпен толығып отыр. Осы жоба аясында еңбек еткен мамандар мен өндіруші тарап өкілдеріне зор алғыс білдіремін», – деді өз сөзінде Қ.Қасымов.

Әскери әуе кемесінің әлеуеті Ұлттық ұлан әуе эскадрильясының инженерлік-техникалық талаптарына сай келеді әрі оны тізгіндеудің қыр-сырын меңгеру мақсатында ұландық ұшқыштар Қытайда үш ай бойы арнайы оқып, үйренген.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов әлемдік ұшақ нарығында Y8 дәрежелі ұшақтар техникалық сипаттамалары бойынша біршама артықшылықтарға ие екендігін атап өтті. Сонымен қатар, аталған әуе кемесі еліміздегі қауіпсіздік пен қорғаныс саласында игілікке жарайтындығын айтып, қытайлық әріпестерден алынатын соңғы ұшақ болмайтындығына сенім артты.

Салтанатты шара аясында жасыл лента ресми түрде қиылған соң, ұшақтың іші-сыртын тамашалап, танысуды құрметті қонақ ретінде Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО еңбек сіңірген ұшқыш-сынақшысы Тоқтар Әубәкіров бастады. Ол ұшақ әлеуетін жоғары бағалап, Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының әуе паркі жаңарып жатқанына қуанышты екендігін білдірді.

Y-8F200W әскери-көлік ұшағын тапсыру-қабылдап алу шарасы Ұлттық ұлан мен қытайлық «AVIC» корпорациясының арасында бекітілген әріптестік келісімдер аясында ұйымдастырылды. Ал осы санаттағы ұшақтарды бізге дейін Венесуэла мен Мьянма елдері алған екен.

Жалпы, жаңа ұшақ Қазақстанның шығысынан батысына дейінгі аралықта қосымша жанармай құюсыз қатынай алады. Сыйымдылығы 86 жолаушыны құрайды немесе орындықтарды жинастыру арқылы әскери техникалар мен жүктерді де еркін тасымаладуға қолайлы. Көпшілікке кеңінен танымал Ан-74 ұшағынан айырмашылығы жүк пен жолашы сыйымдылығы екі еселенген болса, жанармай шығыны 2,2 – 3,5 тонна шамасын құрайды.

Бүгінде Ұлттық ұланның техникалық әуе паркінде Ан-74 пен Ан-26 және Ми-171Е тікұшағы бар.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ұланның авиациялық эскадрильясы жуырда ғана Алматы қаласынан Астанаға қоныс аударған болатын. Бұл қадам Ұлттық ұланның күші мен қажетті заттарын ұшақтардың жанармай құю үшін ешбір қонусыз Қазақстанның кез-келген нүктесіне жеткізілуін қамтамасыз ету үшін іске асырылған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер