BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«SWISSGROW» ЖШС арнайы тыңайтқышты алыс-жақынға экспорттап отыр

Фото: Ержан Жаубай

Құрылғанына бір жыл болмаса да «SWISSGROW» ЖШС ел аумағындағы ауылшаруашылығы нысандарын арнайы тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қауқарлы екендігін көрсетіп үлгерді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Қазіргі уақытта біздің өнімге сұраныс бар. 2017 жылдың ақпанынан бері нарыққа шыққан арнайы тыңайтқыш еліміздің барлық өңіріне дерлік тарайды. Оның сыртында Тәжікстан мен Қырғызстанға экспорттауға қол жеткіздік. Алдағы жылы Ресей мен Украина нарығына шығу жоспарда бар. Қазіргі кезде келісімшарттар жасалып жатыр» - дейді ЖШС директоры Рүстем Әлиев.

Оның айтуына қарағанда қазіргі уақытта бұл жерде 17 адам жұмыс істейді.

«Зауыттың күндік қуаты 15 тоннаға дейін. Ал жылдық қуаттылығы - 20 мың тонна. Негізінен тыңайтқыштың сұйық және құрғақ түрінен 50-ге жуық түрін өндіреміз. Шикізаты Еуропадан, Ресейден, Түркиядан әкелінген. Ал техниканы Түркиядан алып отырмыз. Қазір 17 адам жұмыспен қамтылып отыр, бір түрік азаматы біздің жұмысшыларға үйретіп, өнімнің сапасын қадағалайды. Қалғанының барлығы қазақстандық мамандар. Көбінде сұйық тыңайтқышқа сұраныс жоғары. Себебі оны бірден пайдалана бересіз. Ал құрғақ тыңайтқышты суға езіп, сосын барып қолданады» - дейді «SWISSGROW» ЖШС директоры.

Қазақстанда өндірілетін бірден бір тыңайтқыш Швецариялық технологияның негізінде жасалады.

«Біз өндіретін өнімдер ауылшаруашылығының барлық саласына - егінге, көккөністерге арналған. Жерге, ауаға жалпы экологияға ешқандай зияны жоқ. Бағасы да төмен, мысалы әр түрлі арнайы тыңайтқыштың бағасы әрқалай. Оның сыртында мемлекеттен субцидия беріліп отыр. Ал жалпы зауыттың бүгінгі күнге дейін жұмсаған қаржысы 2,5 млн доллар көлемінде болды» - дейді Рүстем Әлиев.

Оның айтуына қарағанда еліміз бойынша Қарағандыда, Павлодарда және Шымкентте зауыттың арнайы серіктестері бар. Ал Алматыда зауыттың бөлімшесі жұмыс істейді. Сол арқылы Астанада өндірілген өнімді тұтынушыға тұрақты түрде жеткізіп беріп отырады. Әзірге ең көп сұраныс Қарағанды мен Павлодар облыстарынан келіп отыр.

Отандық өнім өндіріп отырған зауытқа мемлекет те тұрақты түрде қолұшын беріп келеді.

«Бұл зауыт 2016 жылы Ұлттық агенттіктен 355 млн теңге көлемінде инновациялық жоба бойынша грант ұтып алған. Соның негізінде зауыт 2017 жылдың басынан бастап құрылды. Негізі жалпы жобаның көлемі 700 млн теңге болған. Соның 50 пайызын компания өзі төледі. Ал қалғанын мемлекет қолдау көрсетіп, бүгінгі таңда өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай зауыт жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бергі уақытта 400 млн-нан астам теңгенің өнімін өндірді» - дейді Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік Төрағасының орынбасары Өміржан Тәшімов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер