BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шымкентте шығарылатын 3D форматтағы шұлықтарға сұраныс артуда

Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Әлем БТ» фабрикасы таңғалдыруын тоқтатар емес. Еліміз бойынша шұлық шығаруды қолға алған алғашқы өндіріс орны бір жарым жыл өткен соң бұрын-соңды болмаған 3D өрнектегі шұлықтар шығаруды бастады. Келер жылдан бастап тағы бір жоба іске қосылмақшы, деп хабарлайды Baq.kz-тің өңірдегі тілшісі.

Тек ішкі нарық емес, алыс-жақын шетелдерге де өнімін экспорттай бастады. Бұған дейін Оңтүстік Корея еліне тауар экспорттап келген фабрикадағалыр бүгінгі таңда тек Ресейге ғана өнімдерін жөнелтіп келеді. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Корейліктердің талғамы қазақстандықпен сәйкес келмейді. Олар көбіне түрлі-түсті шұлықтарға тапсырыс береді екен. Ал ондай өнімнің біртүсті шұлықтарға қарағанда бағасы қымбатырақ жүреді, сонымен қатар жеткізу ақысы да әжептеуір қалтаға салмақ салғандықтан әзірге шымкенттік фабрикадағылар оларға өнім экспорттауды тоқтатыпты. Ал Ресейге тауар жөнелту қиындық туғызбайды дейді басшылық. Оның үстіне ресейліктер біртүсті шұлықтарға көптеп тапсырыс береді екен. Дегенмен фабрика басшылығы экспорттан гөрі алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етіп алуды мақсат етіп отыр. Бүгінде қазақстандық сұраныстың тек 30-40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өйткені Италия елінетін әкелінетін қондырғылар шұлық тігуді қазіргі тігін машиналарына қарағанда бірнеше есеге жылдам жүргізеді. Шұлық фабрикасының тігін цехында бүгінгі таңда 236 тігін машинасы бар. Барлығы да Оңтүстік Корея елінен әкелінген. Мұнда бір жұп шұлықты тігуге 4-5 минут уақыт жұмсалады. Барлығы да автоматтандырылған, жұмысшылар жіпті аппаратқа дұрыс орната білсе болғаны, тігуді машинаның өзі атқарады.

250 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған фабрика жұмысшылары автобуспен тегін тасымалданып, күніне екі мезгіл ыстық тамақпен қамтылады. Тігін цехының қызметкері Динара Тоғызбаева бір жарым жылдан бері аталған өндіріс орнында еңбек етіп, нәпақасын тауып келеді.

«Жұмыс уақыты таңғы сағат 8-ден кешкі 7-ге дейін. Біз тек арнайы құрылғыдан тігіліп шыққан шұлықтың саусақ тұсын, яғни, бас жағын тігіп шығарамыз. Әрине, қолмен емес. Оны да тігін машинасы атқарады. Біз тек шұлықты сонда салып, дұрыс ұстап отырсақ болды. Жалақым 60 мың теңге. Күніне 4 мың жұп шұлық тігіп шығаруымыз қажет. Егер жоспарды артығымен орындасақ, жалақымыз көбейе береді. Өз басым бір күнде 4,5 мың жұпқа дейін шұлық өткізген кезім болған»,-деді тігінші қыз.

Фабрика директоры Нұрлан Бердісүгіров бірінші кезекте сапаны назарға алатынын алға тартты.

«Бізде ел арасында отандық өнімге деген сенімсіз әлі де бар ғой. Сол себептен бірінші халықты өз өніміміздің өзгелерден кем еместігіне үйрету керекпіз. Ол үшін ұсынған өнім сапалы болуы шарт. Біздің шұлықтардың қытайлық өнімнен айырмашылығы жер мен көктей. Мен дәл сапасын айтып отырмын. Олар көбіне химикаттар мен синтетикалық қоспаларды көптеп қолданады. Ал бізде керісінше, шикізаттың 80 пайызы мақтадан жасалынған жіп, қалғаны форманы ұстап тұру мен бояуға арналған қоспалар. Қытай мен Қазақстан шұлықтарын бір қарағанда айырмашылығын байқай алмайсыз. Екеуі де бірдей көрінеді. Тек бір жуылған соң қытайлық шұлықтар бояуын жоғалтады»,- деді директор.

Фабрика басшысы өздері шығаратын шұлық бағасы қытайлық өнімге қарағанда қымбат екенін ашып айтты. Өйткені оған кететін шикізат табиғи болғандықтан, шығын да көп. Қажетті шикізаттың 80 пайызы таза отандық өнім, қалғаны елімізде өндірілмегендіктен Оңтүстік Корея елінен әкелінеді. Өз сөзінде директор бүгінде нарықта 100 пайыз мақта жібінен жасалынған деген шұлықтарға халық алданып қалмаса дейді. Айтуынша, шұлық ешқашан толықтай мақта жібінен тігілген емес. Ол аяқта формасын ұстап, созылмалы болуы үшін міндетті түрде қоспа қосылады. Бірақ аз мөлшерде.

Фабрикада соңғы бес айдан бері елімізде бұрын-соңды болмаған 3D форматтағы шұлықтар шығарыла бастады. Басшылық бұл жаңалықты халық жақсы қабылдап жатыр дейді. Әсіресе балаларға арналған 3D шұлықтарға сұраныс артуда екен. Дизайнер Нұрдәулет Рысбеков бұндай тауарға өрнектерді өз идеямызбен жасап шығарамыз дейді. Кейде тапсырыс беруші ұсыныстарын да орындап жатады. Олар қалаулары бойынша 3D форматтағы суреттерді фабрика мамандарына әкеп береді. Дизайнер Нұрдәулет Рысбеков 3D форматтағы шұлықтардың бағасы өзгелерге қарағанда қымбатырақ екенін айтты. Себебі оған жұмсалатын уақыт пен қажетті шикізат та көптеп жұмсалады. Айтпақшы, «Әлем БТ» фабрикасындағылар «Балбала» брендімен балалар шұлықтарын шығаруды қолға алған.

«Әлем БТ» шұлықтарына сұраныс еліміздің барлық қаларларынан түсіп жатыр дейді фабрикадағалыр. Соның ішінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары тапсырыс жағынан көш бастап тұр. Үш қаланың сұраныс жағынан көш бастауы халық санының көп болуымен байланысты екен. Нарыққа шығарылған шұлық бағасы бірнеше есеге көтеріліп, халық қалтасын қақпас үшін фабрика жанынан арнайы диллерлік компания құрылған. Олар делдалсыз жұмыс істейді. Бағасы 86 теңгеден басталады.

Қазіргі таңда тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін фабрикада бір күнде 80 мың жұп шұлық тігіледі. Ал жылдық қуаттылық 25 миллион. Келер жылдан бастап жаңа жоба іске қосылса, өнім саны бірнеше есеге артпақ. Айта кетерлігі, фабрикада жаңа туған сәбиден бастап ересектерге қажетті шұлықтың 100-ден астам түрі шығарылады.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер