BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Шетелде тұратын ақтөбеліктер өңірге 80 миллиард теңге инвестиция құймақ

Фото: Автор

Ақтөбеде өтіп жатқан «Туған жер» республикалық форумы аясында 6 меморандумға қол қойылды. Қазір шет елде тұратын ақтөбеліктер өңірге жалпы құны 80 миллиард теңге инвестиция құймақшы. Жобалардың арасында 700 мегаваттық электр станциясы, жел генераторларын жасайтын өндіріс орны бар. Одан өзге, Ақтөбенің Байғанин және Қарғалы аудандарында кен орындарын игеріп, контейнерлік типтегі цемент шығаратын зауыт ашылуы мүмкін, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Туған жер» республикалық форумына жиналған кәсіпкерлер облыстың дамуына өз үлестерін қосып, бірқатар өндіріс орындарын тұрғызуды көздеп отыр. Бүгін форум барысында Ақтөбеден шыққан, Германия, Ұлыбритания, Ресейде тұратын азаматтар мен облыстық әкімдік арасында жалпы құны 80 миллиард теңгелік 6 меморандумға қол қойылды. Аймақта құны 48 млрд теңге болатын қуаттылығы 700 МВт электр станциясын «Ақтөбе-ТермоКокс» ЖШС салады. Бұл өңірдегі электр энергиясының тапшылығын толтыруға және сонымен қатар 400-ден астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады. Ал, «Самрұқ Энерго» АҚ мен «Юнайтед Энержи Ақтөбе» ЖШС-і бірігіп, 26 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту арқылы жел генераторларын, қалақ жасайтын, металл мұнараларды жинақтайтын зауыт құрылысын бастайды.

«Бұл жоба «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен байланысты және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді. 500 жұмыс орны ашылады. Біз қазір Германия мен Швейцариядағы халықаралық компаниялармен жұмыс жасаймыз. Осы жерде жасалған өнімдерді Ерментаудағы «Жел желектр станцияларына пайдаланамыз», - дейді «Самрұқ Энерго» АҚ басқарушы директоры Серік Төтебаев.

Ал, ресейлік «СТИМ» және «Әдемі» ЖШС тоқыма бұйымдарының өндірісін қалпына келтіруге ниетті. Ресей Федерациясының ең ірі тоқыма кәсіпорындары құрылтайшыларының бірі Юрий Бакланов Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1996 жылы туған жерден кеткен ол «Әдемі» ЖШС базасында тоқыма бұйымдарының бос тұрған өндірісін қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Кәсіпкердің анасы бұрын аталмыш цехтың басшысы болған.

«Тоқыма фабрикасы тоқтап тұр. Соны жандандырғым келеді. Ақтөбеде тоқыма өндірісін жандандыру жоспарда бар. Қазір барлық мәселені талқылап, бағдарлап жатырмыз. Біздің өз кәсіпорнымыз бар. Бұл біздің отбасылық кәсібіміз. Барлығын басынан бастаған едік. Сондай-ақ, тоқыма өнімі қазір Ресей мен бұрынғы ТМД елдерінде үлкен сұраныста. Ақтөбеге көптен бері енді келіп тұрмын. Қаламыз дамып келе жатыр», - деді Юрий Бакланов.

Алда Ақтөбедегі Байғанин және Қарғалы аудандарында кен орындарын игеріп, контейнерлік типтегі цемент шығаратын зауыт ашылуы мүмкін. Бұл кәсіпорын «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы облыстың құрылыс индустриясының дамуына серпін береді деп күтілуде. Одан өзге, форумға қатысушылар жалпы сомасы 5 млрд теңге болатын әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға дайын. Көмек білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуына, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге, бала-бақшалар мен «Батыр аналарға тағзым» кешенін салу, пайдалануға беруге, агроөнеркәсіптік кешендегі бірқатар жобаларды іске асыруға бағытталады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
11 Қаңтар 2018, 19:43
АЛМАТЫДА "ҚЫЗЫҚ КӘНСЕРТ"
Пікірлер