BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Рзаның» сүт өнімдеріне ел ырза

Фото: Автор

Қызылорда облысындағы «Рза» акционерлік қоғамында тәулігіне 30 тонна сүт өнімдерін өңдейтін зауыт жұмыс істейді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Акционерлік қоғамға қарасты «Рза-Асыл түлік» серіктестігі – Қазақтанның индустриалдық даму картасының белсенді қатысушысы болып табылады. «РЗА» АҚ президенті Самұрат Имандосовтың айтуынша, бағдарлама бойынша кәсіпорын 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды.

«Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Венгриядан 660 бас голштинофриз асыл тұқымды қашарлары әкелінді. Қазіргі таңда олардың саны 1600 басқа жетті. Әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылып, жылына орта есеппен 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал жабдықтар Голландия, Ирландия, Германия мемлекеттерінен алынған. 2016 жылы 6150 тонна сүт өндіріліп, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларындағы ірі сауда орталықтарында сатылды. Мысалы, Магнум, Смол, Анвар сауда орталықтары», – дейді С.Имандосов.

«Рза-Асыл түлік» серіктестігінің сиыр фермасы мен сүт зауытында 100-ден аса адам еңбек етеді.

«Сиырлар жайылымға шығарылмай, тек бір орында ғана жем-шөппен бағылады. Әр сиыр күніне орта есеппен 25 литр сүт береді. Арнайы аппаратпен сауылған сүт сүт өңдеу зауытына жеткізіледі. Онда бірнеше өңдеу процесінен өтіп, пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Алдағы уақытта «Рза» қоғамы өз жұмысын кеңейтпек, «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені мен сүт зауытының екінші кезеңін іске асыру» жобасын қолға алмақ. Қазіргі таңда құжаттары әзірленуде», – дейді ферма меңгерушісі Жеңіс Қарабалаев.

Айта кетейік, 2000 жылдан бастап өз қызметін бастаған «Рза» акционерлік қоғамы Қызылорда облысы Қазалы ауданының өркендеуіне үлес қолып келеді. Яғни, бұл компания – аймақтағы қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері, бай материалдық ресурстары бар ең ірі мекемелердің бірі. Оның құрамына бірнеше ЖШС енеді. Компанияда 1200-ге жуық жұмысшы-қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар Қызылорда, Алматы және Астана қалаларында тұрақты өкілдері бар.

Сонымен қатар, зауыт өнімдері 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2014 жылы ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер