BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодарлық сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие

Биылғы жылы Павлодар облысында сүт шикізатын сатып алу шығындарына бөлінген субсидия көлемі 400 млн. теңгеге жуықтаған. Қолдау шараларының арқасында өңірде құрғақ сүт, май және қатты ірімшік түрлерінің өндірісі қарқын алды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Биыл Павлодар облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындайтын және қайта өңдейтін 37 нысанның өндірісі жаңғыртылып, пайдалануға берілмек. Бүгінгі күнге дейін 14 кәсіпорын іске қосылды. Қалғаны жыл соңында пайдалануға берілмек.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының хабарлауынша, өңірдің кәсіпорындарында сүтті қайта өңдеу көрсеткіші 85%-ды құрайды. Республика бойынша бұл көрсеткіш - 65%. Сүт өндірісін субсидиялаудың арқасында кәсіпорындар жобалық қуаттылығын арттыруда.

«Мәселен, «Молком-Павлодар» ЖШС-і жаңа өңдеу жабдығын орнатып, 25 мың тоннаға дейін өнімді ұлғайтуды көздеуде. Бүгінде зауытта 16 мың тонна сүт өңделеді. Айта кетерлігі қосымша тапсырған әрбір литр сүт үшін 10 теңге субсидия алуға мүмкіндік бар», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Татьяна Нагула.

«Негізгі бағыты – сүт, ащы сүт өнімдерін, май, ірімшік және балқытылған ірімшік өндіру. Кәсіпорын Швеция, Германия, Италия, Болгария елдерінің заманауи құрал-жабдықтарымен жұмыс істейді. Жаңашыл техника тәулігіне шикі сүттің 100 тоннасын қайта өңдеуге қауқарлы. Зауыт мамандары сүт өңдеудің бірегей технологиясын меңгерген. Нақтырақ айтқанда, шикі сүт бактериалды деңгейде көпсатылы жүйе арқылы тазартылады. Бұл технологияның көмегімен өнімнің дәмдік қасиеттерін сақтап, құнарлығын жоғалтпауға мүмкіндік бар. Шикізат ретінде жергілікті фермерлік шаруашылықтардың сүті қолданылады. Осылайша, шағын және ірі шаруа қожалықтарына қолдау көрсетіледі», - дейді Татьяна Нагула.

Қазіргі таңда шикізат-сүттің 30%-ы «Қоңырөзек», «Павлов», «Кедр» әлеуметтік-ауылшарушылық корпорацияларынан тасымалданады.

«Мемлекет әлеуметтік-ауылшарушылық корпорацияларына қолдауын аямайды. Бұл өз кезегінде сүт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Біз шикізаттық базамызды ұлғайту мақсатында келесі жылы мегафермамызды іске қоспақпыз», - дейді зауыт директоры Виталий Михайлов.

Өндірістің қарқынды дамуы әлеуметтік инфрақұрылымды да дамытуға мүмкіндік берді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жалақылары өсті. Өндірістің модернизациялануы мен кеңейтілуі дәнді ірімшік шығару желісін іске қосты. Қазіргі уақытта сүт пен ащы-сүт өнімдерін ПЭТ-шөлмектерге құю желісінің монтажы аяқталуға жақын. Соңғы жылдың ішінді бұл игілікке 700 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Жаңа құрылғылар іске қосылған соң зауыттың жобалық қуаттылығы тәулігіне 150 тонна сүтті қайта өңдеуге сеп болмақ. Павлодарлық сүт өнімдері облыс көлемінде ғана емес, Орталық және Батыс Қазақстан облыстарында жоғары сұранысқа ие», - дейді мамандар.

Бүгінде өңірде ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу бойынша 204 дайындау пункті мен 299 қайта өңдеу нысаны жұмыс істейді.

Фото: Автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер