BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Павлодар облысында жыл соңына дейін бес инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Фото: Автор

Павлодар облысында жыл соңына дейін жалпы бес инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл игілікке 264 млрд. теңге жұмсалып, нәтижесінде 1000-нан астам жұмыс орны ашылмақ, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Өңірдегі индустриялық-инновациялық даму басқармасының хабарлауынша, жобалардың барлығы өңір экономикасының дамуына серпін бермек. Атап айтқанда, Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту, теміржол саласына қажет дөңгелектер кешені, құрыш құбырларының өндірісі, сондай-ақ, қоспалы алюминий өндірісін жүзеге асыру. Соңғы жобаға 4, 56 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылды. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында бой көтерген «Giessenhaus ЖШС алғашқы 5 тонналық өнімін нарыққа шығарды. Ресей және Германия инвесторларының қатысуымен іске асырылған жоба облыста алюминий кластерін оң жолға қоюға сеп болады.

«Қазіргі уақытта кәсіпорында бір конвейер мен бір пеш жұмыс істеп тұр. Әкімшілік-тұрмыстық кешен құрылысы аяқталған соң зауыт бір айда 750 тонна өнім өндіруге қауқарлы болмақ. Бүгінде біз ресейлік «K&K» компаниясымен келісімшарт жасастық. Көршілес елдің кәсіпорны павлодарлық өнімнен тез балқытылатын автомобиль дискілерін шығармақ ойда. Сонымен қатар, біздің өнімді Германияға тасымалдамақпыз. Жалпы, тауарды нарыққа шығаруда қиындық болмайды», - дейді ЖШС директорының орынбасары Руслан Ибраев.

Сарапшылардың болжамынша, алдағы 5-7 айда «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында 25-30 металлургиялық өндіріс ашылады.

«Есептік кезеңде өңірдің өңдеу өнеркəсібінің негізгі капиталына инвестиция тарту бойынша Павлодар облысы республикада екінші орында. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 443,0 млрд. теңге болады деп күтілуде. Ірі инвестициялық жобалар жұмыс істеп жатқан немесе жаңа кəсіпорындар шамамен 130,0 млрд. теңге игерілмек. Облыс кəсіпорындарының өндірісті жаңғырту бойынша инвестицияларының көлемі шамамен 85 млрд. теңгені құрайды жəне шағын жəне орта бизнес бойынша 50 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде», - дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейтмағамбетов.

Облыста биылғы жылға арналған инвестицияларды тарту жөніндегі шаралар жоспары бекітілген. Жоспар бойынша Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған инвесторлармен серіктестік орнату, ақпараттық-имидждік шаралар қарастырылған

«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі шеңберінде «В2В» форматында кездесулер өткізілді. Сонымен қатар, халықаралық бизнес қауымдастығына өңірдің жаңа инвестициялық мүмкіндіктері туралы жұмыстар атқарылуда. Биыл алыс шетел өкілдерімен 20 кездесу өткізілді. Астанадағы ЭКСПО аясындағы Павлодар облысының экспозициялық залы жақсы нəтиже берді. Жұмыс кезеңінде Польша, Израиль, Болгария, Мысыр, Қытай, Жапония, Австрия жəне өзге елдердің 180-нен астам компаниямен келіссөздер жүргізілді. Нəтижесінде болашақ инвесторлар жұмыс сапарымен облыста болып қайтты», - дейді басқарма басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер