BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Отандық кәсiпорын жылына 8 миллион аккумулятор шығармақ

Фото: "Қайнар-АКБ" баспасөз қызметі

Алматы облысы Талдықорған қаласында орналасқан «Қайнар-АКБ» ЖШС жылына 8 миллион аккумулятор шығармақ. Кәсiпорын бұл межеге 5 жылда жетемiз деп отыр. Қазiр тәулiгiне 10 мың, жылына 2,5-3 млн көлiк аккумуляторын жасайтын зауыт өкiлдерi бұған қауқарымыз жетедi дейдi. Себебi, iшкi және сыртқы нарықта өнiмге сұраныс артып келедi. Зауыттың қарқынды дамуына Технологиялық даму жөнiндегi ұлттық агенттiктiң бөлген инновациялық гранттарының да үлесi зор. Baq.kz тiлшiсi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алтын сапа» мемлекеттiк сыйлығын екi рет алған отандық кәсiпорын жұмысымен танысып қайтты.

Зауыт жеңiл және жүк көлiгi, трактор, әскери көлiк, оның iшiнде танк пен брондалған техника, сондай-ақ, темiржол техникасына арналған аккумулятор жасайды. Электр энергиясын алмастыратын аккумуляторды да шығарады.

«Кәсiпорын 1975 жылы өз жұмысын бастады. Бастыпқыда зауыт КамАз автокөлiгi мен ауыл шаруашылығы техникасына арналған аккумулятор өндiрiсiмен айналысқан. Одан кейiн аккумуляторлар желiсiн арттырдық. Ендi бiз еуропалық және азиялық типтегi әртүрлi көлемдегi өнiмдер шығарамыз. Қазiр негiзгi басымдық жеңiл автокөлiк аккумуляторына берiлiп отыр. Бiз iшкi нарықтың 50 пайызын қамтамасыз етiп отырмыз, дегенмен iшкi нарықты 100 пайыз қамтуға қауқарымыз бар», - дейдi «Қайнар-АКБ» ЖШС техникалық директоры Алексей Чеусов.

Оның айтуынша, өнiмнiң сапасы мен бағасы тұтынушы сұранысына сай келедi. Сондықтан, сырттан сұраныс жоғары. Мәселен, өнiмдер Ресей, Қытай, Германия, Польша, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, тiптi Африка елiне де экспортталып жатыр.

«Сондай-ақ, зауытта әлемнiң үздiк құрылғылары iске қосылған. Атап айтсақ, АҚШ, Қытай, Канада, Германия, Австрия мен басқа да Еуропа елдерiнiң үздiк технологиялары орнатылған. Тағы бiр ерекшелiгiмiз, бiз сырттан ешқандай құрамдас сатып алмаймыз. Сервистiк қызметтi де көрсетемiз. Және де ұсталған аккумуляторды қайта өңдеймiз. Ұсталған аккумулятор шикiзатының 90 пайызы қайта өңделiп, жаңа аккумулятор жасауда пайдаланылады. Ал қалған аз бөлiгiн, пластмассасын басқа өндiрiске жiберемiз», - дедi Алексей Чеусов.

Ал, «Технологиялық даму жөнiндегi ұлттық агенттiк» АҚ Жобаларды талдау және мониторингiлеу орталығы директорының орынбасары Жасұлан Игiбаевтың айтуынша, зауытта қайта өңдеу мен басқа бiрқатар технологияның енгiзiлуiне Ұлттық агенттiк (ТДҰА) мұрындық болды.

«Бұл кәсiпорынға аккумулятор батареяларын құрастыру, құю және ұсталған аккумуляторды қайта өңдеу технологияларын сатып алуға 2 инновациялық грант бөлiндi (2013-2014жж-агенттiк ескертпесi). Сатып алынған құрылғылардың жалпы құны 488 млн теңгенi құрады. Оның тең жартысы, яғни 244 млн теңге қолдауды мемлекет Технологиялық даму жөнiндегi ұлттық агенттiк арқылы көрсеттi. Инновациялық грант «Өнiмдiлiк-2020» ҮИИД бағдарламасы аясында кәсiпкерлердi қолдау мақсатында қайтарымсыз негiзде берiлдi», - дейдi Жасұлан Игiбаев.

Ұлттық агенттiк өкiлiнiң мәлiметiнше, грант қаржысына Италия мен Канада құрылғылары сатып алынды. Жабдықтандыру өндiрiске серпiн берген. Мәселен, 2013 жылы кәсiпорын 600 мың өнiм шығарса, биылғы жылдың 9 айында 2,5-3 млн өнiм өндiрген. Жалпы табыс 2013 жылы 10 млн теңгенi құрап, 6 млн теңге өнiм экспортталса, 2017 жылы табыс 20 млн теңгенi құрап, 11 млн теңгенiң өнiмi шетелге сатылған.

Ал, «Қайнар-АКБ» ЖШС өндiрiстiк жүйе мен сапаны дамыту жөнiндегi директор Олег Кабанов алдағы бес жылда жылдық өнiм көлемiн 8 миллионға дейiн жеткiземiз дейдi. Зауыт цехтерiн аралатып, аккумулятор жасаудың әр кезеңiмен таныстырған директор бұл iсте инновациялық технологиялар, мамандардың бiлiктiлiгi, олардың әлеуметтiк жағдайы мен экология мәселесi маңызды дейдi. Сондықтан, кәсiпорында «Кайдзен» ұқыпты өндiрiс жүйесi енгiзiлiп, зауыттың 800-ден астам қызметкерi осы жүйенi негiзге алған.

Атап өтсек, аккумулятор батареялары өндiрiсiнiң процесi бiрнеше кезеңнен тұрады. Зауытта тек қолдың және тек техниканың көмегiмен жасалатын жұмыстар бар. Бастапқыда аккумулятор корпусы, одан кейiн қорғасын құймасы мен ұсақ-түйек бөлшектер жасалады.

Құрастырылған аккумулятор дизайнына да көп көңiл бөлiнедi. Тапсырыс берушiлер әртүрлi түске тапсырыс бергендiктен, пластмассадан жасалған сыртқы қабы алуан түрлi түске боялады.

Одан кейiн аккумуляторға электролит құйылып, ол 12-18 сағат бойы арнайы ваннада зарядталады. Дайын аккумуляторды ұзақ сақтауға болмайтындықтан жапсырмасы жасалып, оралған өнiмдер бiрден жүк көлiктерi мен пойыз вагондарына артылып, тапсырыс берушiге жөнелтiледi.

«Бiз өнiмдерге зарядталған сәттен бастап 18 айға кепiлдiк беремiз. Аккумулятор дұрыс пайдаланылған жағдайда 5-6 жыл қызмет көрсетедi. Бiздiң кәсiпорын Автомобиль өнеркәсiбiнiң халықаралық стандартына ие. Сондықтан, қазiр бүкiл ТМД-да бiздiң зауытқа тең келетiн зауыт жоқ деп сенiммен айта аламыз. Бұған зауыт алып жатқан түрлi наградалар де дәлел», - деп түйiндедi Олег Кабанов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер