BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Оңтүстік Қазақстанда қағаз қалдығын өңдейтін зауыт жұмысы жандануда

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Бумпром» ЖШС қағаз қалдықтарынан картон шығару ісін жандандырып келеді. 2016 жылы іске қосылған жобалардың бірі «Оңтүстік» индустриялды аймағында орналасқан, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Жобаның жалпы құны 200 млн теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 4 мың, ал айына 350 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Бүгінде мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын басшысының орынбасары Серік Ташназаровтың айтуынша, зауытқа қажетті шикізат Қызылорда, Алматы, Шымкент қалаларынан тасымалданады. Бүгінде зауыт басшылығы өндіріске қажетті қағаз қалдықтарының бір келісін 40 теңгеден сатып алып отыр.

«Зауыт тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қағаз қалдықтары, яғни макулатура қажет. Қазіргі таңда шикізаттың бағасы күннен күнге өсіп жатыр. Өйткені біздің нарықтағы қағаз қалдықтарын өзбекстандық кәсіпкерлер сатып алуда. Олар бүгінде макулатураның бір келісінің бағасын 60 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Сондықтан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына шикізаттың осы түрін шетелге шығаруға шектеу қойса деген ұсынысымызды жолдадық», - дейді Серік Ташназаров.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, зауытта тоқтаусыз жұмыс істеп тұрған қондырғы Қытайдан арнайы әкелінген. Қағаз қалдықтарын жібітіп, қайта картон ететін құрылғыда жергілікті азаматтар жұмыс істейді. Қытайлық мамандардың арнайы оқытуынан өткен олар қондырғыны толық меңгерген.

Қазіргі таңда зауыт өнімдеріне сұраныс мол. Әсіресе, тапсырыстар Павлодар, Қарағанды, Алматы облыстарынан жиі түседі. Алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы өз өнімдерін көршілес Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттеріне жөнелтуді жоспарлап отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер