Назарбаев: Қазақстан көштен қалмауы керек  - Индустрияландыру|21 Қыркүйек 2018, 09:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Назарбаев: Қазақстан көштен қалмауы керек 

Фото: Нұржас Жақсыбай

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық машина жасау саласы көштен қалмай, әлемдік тенденцияға сай дамуы қажет екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астанада өтіп жатқан Қазақстан машина жасаушыларының VI форумында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин форумға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың хатын оқып берді.

“Сіздерді Қазақстан машина жасаушыларының VI форумының ашылуымен құттықтаймын. Машина жасау - экономиканың негізгі салаларының бірі. Мемлекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көрсетіп келеді. 2017 жылы машина жасау өнімінің көлемі 1 трлн теңгеге жуық болды. Биылғы форумның негізгі идеясы машина жасау саласындағы Төртінші өнеркәсіптік революция: жаһандық технологиялық прогрестің қазіргі болмысына сәйкес болып келеді”, - деді президент өз хатында.

Сондай-ақ Елбасы елімізде машина жасау саласы әлемдік тенденцияға сай дамуы қажет екенін атап өтті.

“Машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар бүгінде озық елдер үшін үйреншікті құбылысқа айналды. Бүкіл әлем жаңа сандық форматқа көшіп жатыр. Қазақстан бұл үдерістен тыс қалмауы керек. Машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары форумда талқыланатыны маңызды тақырыптардың бірі болмақ. Өндірістерді жаһандық технологиялық үдерістерге сай жаңғыртуды көздейтін аталған бағдарлама бұл саланың стратегиялық бағдарын айқындайды”, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз хатында аталған іс-шара аясында нәтижелі пікір талас болып, осы салада өзекті мәселелерге нақты ұсыныстар әзірленетініне сенетінін айтты.

Сонымен қатар ол форум қатысушыларына жемісті жұмыс және сәттілік тіледі.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы EXPO Конгресс-орталығында Қазақстан машина жасаушыларының VI Форумы өтуде.

Форумды Қазақстан Республикасының Үкіметі және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы ұйымдастырды.

Форумның тақырыбы:Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері.

Шарада тек машина жасау саласының ғана өзекті мәселелері емес, барлық өңдеу өнеркәсібінің ірі жүйелі мәселелері талқыланады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер