BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Құрылыс комбинатының өнімдеріне сұраныс артуда

Фото: Фото: Автордікі

Үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған «Регион Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірбетон бұйымдарына сұраныс артып келеді. Серіктестік директоры Александр Дворцевой құрылыс материалдарын өндіру бағытында атқарылып жатқан озық технологиялар жайлы Baq.kz тiлшiсiне айтып берді.

Бүгінде комбинат қабырға панелі, төбе жабынды және қоршаулар, түрлі құрылымдарды жабуға арналған плиталар шығарады. Қазір өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алуда. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің сәулетіне де мән беріледі. Көкшетаудың темірбетон бұйымдарын шығаратын комбинаты еліміздің басқа өңірлерімен де жұмыс істеуге әзір.

«Алғашқы уақытта құрылыс материалдарының 3 түрін ғана шығардық. Бүгінде шығарылатын өнім түрлерін көбейтудеміз. Комбинат толық қуаттылығына көшкеннен бастап баспалдақтар, түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдар шығаруды қолға алды. Құрылыс комбинатының өнімдері облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер құрылысына пайдаланылуда. Өнімнің негізгі бөлігі елорданың құрылыс нысандарына жөнелтіледі»,–дейді серіктестік директоры Александр Дворцевой.

Тұрғын үй комбинатында 100-ге жуық адам жұмыс істеуде. Қалада тағы екі панельді үйдің іргетасы қаланады деп жоспарланып отыр.
Мамандардың айтуына қарағанда қазіргі панельдер бұрынғы керамзиттен әлдеқайда сапалы әрі сәнді. 18 сантиметрлік жылу қорғағыш жамылғысы бар. Қазір кәсіпорын шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен щебенді пайдаланып отыр.

Құрылыс комбинаты тұрғын үйлерді жылдам тұрғызатындығымен ерекшеленеді. Құрылысқа қолданылатын материалдар қатаң бақылаудан өтеді. Өйткені олар сапа стандарттарына сай келуі тиіс. Мамандар тұрғын үй құрылысында жергілікті бетон бұйымдарын пайдалану қазіргі салынып жатқан қыш жобалардан арзанға түсетіндігін айтып отыр.

«Кеңес заманынан бері құрылыс материалдарының ішінде панель «мықтылығын» дәлелдеді. Ол кезде құрылысқа қазіргідей жылытылған панель емес, қарапайым панель, кейін керамзит панель пайдаланылған. Бертін келе сэндвич панель шықты. Компанияның құрылысқа пайдаланатын өнімі – осы сэндвич панель. Көпқабатты тұрғын үйлерді әрлеу ісінде де онша көп жұмыстың қажеті жоқ. Себебі, қабырға панельдері сыланбайды, жар тегіс, сосын әдеттегідей құрылысқа қажетті өрмек тор салынбайды. Панельді қабырғалардың бойынан пластик құбырлар, электр сымдарын өткізу үшін зауытта арнайы орындар қалдырылады», – дейді А.Дворцевой.

Кəсіпорын басшысының айтуынша, алдағы уақытта қалада бірнеше панельді тұрғын үйлер тұрғызу жоспарланған. Оның алғашқысы – пилоттық жоба ретінде «Юбилейный» шағын ауданында былтыр қолға алынған тұрғын үй. Құрылыс жұмыстарын бас мердігер «НИКС Инжиниринг Групп ИВ» ЖШС жүргізді. 90 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үй жақында пайдалануға берілмек.

«Жоба құны 750 миллион теңгені құрап отыр. Жобаға сәйкес көпқабатты тұрғын үйде 18 үш бөлмелі, 36 екі бөлмелі және осыншалықты бір бөлмелі пәтерлер болады. Ішкі бөлмелердің аумағы кең. Қабырға панельдері үшқабатты, ортасына пенопласт плиталар салынады. Құрылыс нысаны фин технологиясымен салынуда. Ірі панельді үйлер тез салынады. Бұрын 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй монтажына екі аптадан артық уақыт жұмсалса, біздің құрылысшылар осы жұмысты тоғыз күнде аяқтады. Қазіргі кезде ғимараттың тоғыз қабаты тұрғызылды.Үй құрылысына энергия үнемдеу технологиясы қолданылды», – дейді кәсіпорын басшысы Александр Дворцевой.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер