BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордалық кәсіпорын шыны пластикалық құбыр өндіруді қолға алды

Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда қаласында «НефтьПромСнаб» ЖШС-ның шыны пластикалық құбыр өндіру зауыты іске қосылды, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

«НефтьПромСнаб» серіктестігі облыс көлемінде 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнай компанияларын алыс және жақын шетелдерден жеткізілген шыны пластикалық құбырлармен қамтамасыз етіп келеді. Серіктестік осы жылы өз қызметін өндіріске бағыттап, мұнай саласына арналған жоғары қысымды шыны пластикалық құбырларды өндіруді қолға алды.

«Бұл жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Бизнестың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алдық. Өндірістік процесс соңғы үлгідегі автоматты құрылғымен жабдықталған, өндірілетін өнімдер отандық және халықаралық стандарт талаптарына толық сай келеді. Кәсіпорынның жылына 120-130 мың метр құбыр шығаруға қуаты бар. Кәсіпорында 20-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады», - дейді серіктестік директоры Қазбек Қуанышбаев.

Шыны пластикалық құбырлардың бірқатар артықшылығы бар: кемінде 50 жыл қолданылады, бағасы басқа материалдардан жасалған құбырларға қарағанда 30-50% төмен. Мұнан өзге, шыны пластикалық құбырлар коррозияға төзімді, электрохимиялық коррозиядан қорғаудың қажеттілігі жоқ, монтаж жұмыстарын жыл бойы жүргізе беруге болады.

Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Гаухар Елеусінованың айтуынша, бұған дейін мұндай өндіріс Қазақстан бойынша Маңғыстау облысында ғана болған.

«Серіктестік бұрын мұнай компанияларына құбырды сырттан тасымалдап келсе, енді өзі өндіре бастады. Зауытты іске қосу барысында кәсіпкерге біздің палата ерекше қолдау көрсетті. Бизнес-жоспарын әзірлеп, банктен қаражат алуға да көмектестік», – дейді Г.Елеусінова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер