BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қызылордада жылына 1500 тонна өнім шығаратын құс фабрикасы салынуда

Қызылорда облысы Қармақшы ауданында қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін заманауи құс фабрикасы ашылады. Қазіргі таңда оның құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ж.Берденованың айтуынша, «Ақтөбе и К» серіктестігі «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Қармақшы ауданының Ақтөбе ауылында құс фабрикасының құрылысын салуда. Жүзеге асырып жатқан жобаның жалпы құны – 2 млрд теңге.

«Жоба Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына енгізілді. Мемлекеттік көмек ретінде жобаны іске асыру үшін 20 гектар жер телімі бөлінді. Сондай-ақ, сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жеткізуге облыстық бюджеттен ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Сонымен қатар, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Директорлар Кеңесінің шешімімен құс фабрикасының құрылысын қаржыландыру мәселесі реттелді. Осы шешім негізінде «Қармақшы – құс» серіктестігі біріккен кәсіпорны құрылды», – дейді Ж.Берденова.

Өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, агросаланың экспорттық әлеуетін асыруға септігін тигізетін өндірістік кешен келер жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Оның үстіне, облыс тарихындағы алғашқы ірі құс фабрикасының ет өнімдеріне сұраныс жоғары болатындығы болжануда.

«Статистикалық мәліметке сәйкес, Қызылорда облысында құс етіне жылдық сұраныс 5000-5500 тонна болатынын ескерсек, кәсіпорын оның 3/1 бөлігін қамтамасыз етеді. Бұл әрі қарай кәсіпорынға еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Құс шаруашылығы кәсіпорны қызметінің негізгі бағыты – бройлер балапандарын өсіру және құс етін өндіру болмақ. Жобаның бастамашысы «Ақтөбе и К» ЖШС-нің басшысы Нұрлан Іздібаевтың айтуынша, бройлерден неғұрлым сапалы ет алады. Сондықтан, фабрика бұл үй құстары буданын өсірумен айналысатын болады. Өнімнің орташа босату бағасы – келісіне 650-700 теңгеден. Бұған қоса, соя, бидай, арпа, жүгері сияқты дақылдардың барлығын шаруа қожалығының өзі егеді, құрама жемді де шығаруды жоспарлауда, сол себепті құс азығынан мәселе туындамайды.

«Ақтөбе ауылында 320-дай отбасы – екі мыңнан астам адам тұрады. Қазір қарамағымызда жүзден астам ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Егер құс фабрикасы іске қосылса, тағы да қосымша жұмыс орындары ашылады», - дейді кәсіпкер Нұрлан Тұрғанбекұлы.

Фото: автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер