BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қытайлық инвесторлар Қарағандыда екі зауыт салмақшы

Фото: Интернеттен алынды

2018 және 2021 жылдары шетелдік серіктестер Қарағандыда екі бірдей зауыттың құрылысын бастамақ. Жобалардың жалпы құны 21 миллиард теңгені құрайды, деп жазады Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

2018 жылдың аяғында Қытай елінің «Forever Fourshing Co.Ltd.» ЖШС компаниясы Қарағандыда металл қорыту зауытының құрылысын бастамақ. Инвестиция көлемі 7,4 миллиард теңгені құрайды. Зауыт жылына үш жүз мың тонна көлемінде өнім шығарады деп жоспарланған, оның сексен пайызы өзге елдерге экспортталмақ. Зауыт өнімі Ресей, Иран елдерімен қатар, Қытай Халық Республикасына жіберіледі.

«Инвесторларды тарту билік басындағылардың жұмысына баға беруде маңызды критерийлердің бірі. 2017 жылы аймақтың экономикасына 359 миллиард теңге инвестиция құйылды. Бұл алдағы жылмен салыстырғанда он пайызға жоғары. Ал биылғы жылы инвестиция көлемі Қарағанды облысы бойынша 389 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарлап отырмыз», - дейді Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.

Кабельдік өнім шығаратын екінші зауыт 2021 жылы жұмысын бастап, 2024 жылы жобалық қуаттылығына толықтай өтеді деп жоспарлануда. Зауыт кабельдің әртүрлі түрлерін өндіріп, сатылымға шығарады. «Хуа тун (Центральная Азия) кабель» ЖШС инвесторлары Қарағандыдағы зауыттың құрылысына 13,6 миллиард теңге қаржы жұмсайды деп межеленген.

«Қазіргі уақытта Қазақстандағы кабельдік өнім нарығы айтарлықтай деңгейде шетелдік дайын өнімдерге тәуелді. Оның ішінде Ресей елінен тапсырыс жоғары. Жалпы алғанда елдегі кабельді өнімге сұраныс жылына 400-500 миллион АҚШ долларын құрайды. Сараптамалар қорытындысы елімізде шахта кабелі мен қуатты кабелге сұраныстың жоғары екенін анықтады», - дейді «Forever Fourshing Co. Ltd.» ЖШС директорының орынбасары Асқар Оразбеков.

Жоғарыда аталған инвесторлардан бөлек биылғы жылы бірнеше компаниямен бірлесіп жұмыс жасау жоспарлануда. Сондай-ақ, қуатты шетелдік инвесторлармен серіктестік аясы кеңейтілуде.

«Швейцариялық «Гленкор Интернешнл» компаниясы Жәйрем қаласында заманауи байыту фабрикасының құрылысын бастады. Оның жалпы құны 100 миллиард теңге. Бельгиялық корпорациямен бірлесе отырып «Кармеус Груп» компаниясы Осакаров ауданында әктас өндіретін зауыт салуды жоспарлауда. Қазіргі уақытта зауыт құрылысының жобасы жасалып жатыр. Жалпы алғанда біз шетелдік инвесторлармен бірге 20 белсенді жобаны іске асырмақпыз, олардың құны шамамен 1 миллиард АҚШ долларын құрайды», - деді аймақ басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер