BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Көкшетаудағы кірпіш зауыты қайта жөндеуден өтеді

Фото: Кәсіпорын архиві

«ЕНКИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - еліміздегі қаптырмалы керамикалық кірпіш зауыттардың арасындағы ең үздігі. Индустрияландыру картасына енген кәсіпорын келер жылдан бастап еуропалық стандарт негізінде кірпіш өндіруді қолға алмақшы, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Биыл компания үшін табысты жыл болды. Бір жылдың ішінде 61 млн дана кірпіш өндірілді. Өткен жылмен салыстырғанда зауыт өз қуатын 10%-ға арттырған, ал өнімді сату көлемі 34%-ға ұлғайды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 120 мың теңгені құрап отыр. Осы өткен 11 ай ішінде сырттан салынған инвестиция 108 млн теңгені көрсетті.

«Өңірдің индустрияландыру картасына енген кәсіпорынның іске қосылғанына жеті жыл. Зауыттың өз іргетасы қаланып, алғашқы өндірістік тауарымыз сатылымға шығарғалы Ресейдің шекаралық іргелес облыстарына тауар экспорттауға мүмкіндік алдық», – дейді серіктестік директоры Мырзабай Әбдіхалықов.

Кірпіш зауыты жылына 43 түрлі өнім шығаруды қамтамасыз етіп, өздерінде құйылған кірпіштің 60 млн данасын жан-жаққа жөнелтеді. Дайын өнімді республиканың барлық өңіріне жеткізетін 9 бөлімше тұрақты жұмыс істеуде. Бүгінде кәсіпорын 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, тек солтүстік аймақта ғана емес, еліміздің оңтүстік өңірлерінде де құрылыс қарқынын арттыруға оң ықпал етуде.

Зауыттағы өндірістің 90%-ы автоматтандырылған. 2018 жылы «ENKI» компаниясы еуропалық стандарт негізінде кірпіш өндіруді қолға алмақшы. Толық жұмыс қуаты жеткілікті күшті қалыптастыру мақсатында жаңа жылдан кейін еуро талаптарға негізделген құралдардың тағы бір легі әкелінбекші.

«2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа өндіріс іске қосылады. Осылайша өнім көлемін 30-40%-ға арттыруға қол жеткізіліп, қосымша жұмыс орындары ашылады. Алдағы уақыттағы ірі жоспарымыздың бірі – еліміздің өзге облысынан ЕНКИ-дің екінші бір зауытын салу. Үлкен, кең тынысты, тармағы көлемді зауыт болуға біздің ЕНКИ-дің барлық мүмкіндігі бар. Зауыт толық автоматтандырылған, өніміміз нарық талап еткен сұраныспен, импортты толық жабады», – дейді серіктестік директоры.

Зауыт өндірген сапалы кірпіштер ыстыққа да, аязға да төзімді. Кірпіштің балшығының құрамы, толық сапасы Soliner s.l (Испания), Keller H.C.W (Германия) құрылыс материалдарын зерттеу институттарының зерттеуінен өтіп тұрады. Себебі, зауытымыздағы автоматтандырылған құрал-жабдықтар испаниялық Verdes, Soliner s.l фирмасынан алынған.

«Мықты кірпіштің қалыбын құю мақсатында біздер бәрібір өзге елдің ірілі-ұсақты компанияларының қызметіне жүгінеміз. Қарапайым түрлі-түсті кірпіштің бояу қоспаларының қамымен Оңтүстік Корея, Франция, Ресей, Украинаның химиялық бояулар тасымалдайтын, өндіретін фирмаларымен байланыс орнатудамыз»,–дейді Әбдіхалықов.

Жуырда «ENKI» компаниясы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс көрмесінің үшінші дәрежелі дипломанты атанды.

«Бұл – біз үшін Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы қарсаңында қол жеткен үлкен табыс. Ендігі үлкен мақсат – жеткен межені сақтай отырып, табыстың сара жолын одан әрі жалғастыру. Оған біздің кірпіштің жылу, бояу сақтағыштық, ауа өткізгіштік, табиғи құбылыстарға төзімділік сынды қабілеттерін одан әрі арттыру кепіл болмақшы»,–дейді Әбдіхалықов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер