BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«KazSat-2»-ні алмастыратын ғарыш аппараты елімізде құрастырылуы мүмкін

Фото: Ержан Жаубай

Бұл туралы «Республикалық ғарыштық байланыс орталығында» БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз-турында компанияның вице-президенті Бауыржан Құдабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзіне қарағанда «KazSat-2»-нің кепілді уақыты 2023 жылы бітеді. Сондықтан оны алмастыратын ғарыш аппаратын дайындауды бастау керек.

«Біз құрастыру жұмыстарын 2019 жылы бастауымыз керек. Әзірге барлық құжаты дайындалып жатыр. Бұл жерсеріктік аппаратты дайындауға ұсыныс білдіріп отырған шетелдіктер де жоқ емес. Бірақ олар сұрап отырған қаржысы 300 млн еуроға дейін шарықтап кетті. Бізге мұндай қымбат дүниенің керегі жоқ. Өзіміз 60 млрд теңге барлық шығынды өтейді деп жоспарлап отырмыз. Оның 7 млрд-ы орталықтың өзінен шығады» - дейді вице-президент.

Сонымен қатар ол бұл аппаратты құрастыру Астанадағы отандық зауытта жасалуы мүмкін екенін айтты.

«Қазіргі кезде барынша тиімді, әрі сапалы, әрі арзан жағын қарастырып жатырмыз. Ғарыштық аппараттарды құрастыратын халықаралық компаниялардың барлығын зерттеп көрдік. Тіпті өзіміздің Астанада салынып жатқан зауытта құрастыруды да көздеп отырмыз. Отандық зауытта жасалса, басқалардан гөрі арзанға түседі» - дейді Бауыржан Төлеуханұлы.

Ғарыш аппаратын құрастыруға инвестор тарту да көзделген. Әрине, 60 млрд-ты бірден бере қоятын инвестор табыла қоймас, сондықтан мамандар бюджеттен де көмек сұрауы мүмкін. Ал орталықтың өз жоспары бойынша аталған 60 млрд теңгеге барлық жұмыс кіреді. Мысалы, аппаратты жасау, оны қызметтік сынақтан өткізу, орбитаға тасымалдау, Байқоңырдан ұшыру, сақтандыру - барлығы осы сомаға кіреді.

Бауыржан Құдабаевтың айтуы бойынша «KazSat-3»-тің уақыты 2029 жылы аяқталады. Оған да «KazSat-2»-ден кейін дайындық жұмыстары басталады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер