BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанда қауіпсіз асбест өндіріледі, бірақ Еуропа елдері онымен күресіп әлек

Фото: Нұржас Жақсыбай

Бүгін Астанада «Хризотил және қауіпсіздік» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Хризотил – жер қойнауындағы талшықты минерал. Жалпы атауы – асбест. Асбестің амфибол деген де түрі бар. Хризотил Қазақстанда Жітіқара кен орнында ғана өндіріледі. Осыған дейін бірнеше рет асбестің зияны мен оны қолдануға тыйым салу туралы мәселелер көтерілген екен. Еуропа елдері жиырма жылдан бері асбестпен күресіп келеді. Минералды өндіретін кәсіпорын иелері мен осы салада жұмыс істейтін кәсіподақ ұйымдары болса хризотилдің қауіпсіз екенін айтады.

Қазақстан қойнауынан Менделеев кестесіндегі 99 элемент кездседі деп мақтанамыз. Ал химиялық элементтердің әрекеттесуінен түзілетін минерал түрлері қаншама. Пайдалы қазбаның бәрі пайдалы емес. Минералдардың ішінде адам организіміне зияны да кездеседі. Соның бірі – асбест.

Асбест – жіңішке талшықтардан тұратын табиғи минерал. Балқу температурасы – 1500 С. Ғалымдар асбестің шаңы адам организміне кірсе, оның өміріне қауіп төндіреді деп санайды. Қазақстан өндіретін хризотил-асбест – серпинтиннің талшықты түрі. Зерттеулер нәтижесінде амфиболдың адам денсаулығына айтарлықтай қаупі бар екені, ал онымен салыстырғанда хризотилдер тез ыдырап, екі аптаның ішінде адам ағзасынан шығарылатыны, талшықтарды кері өзгеріске ұшыратпайтыны анықталған.

1970 жылдардың соңында асбест минералы ешқандай бақылаусыз қолданыла берді. Осылайша созылмалы бронхит, асбестоз, өкпенің қатерлі ісігі, қатерлі мезотелий ісігі секілді ауруларға шалдыққандар саны арта түсті. 1997 жылы 1 қаңтарда Франция алғашқылардың бірі болып асбесті қолдануға тыйым салынды. 1999 жылдың 26 шілдесінде Еуропа қоғамдастығы комиссиясы асбест пен құрамында асбест бар материалдар мен бұйымдарды 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуроодақ елдерінде пайдалануға тыйым салу туралы директива қабылдады.

2004 жылдың 18 қыркүйегінде Женева қаласында үкіметаралық келіссөз комитетінің 11-отырысы өтіп, онда хризотилді Роттердам конвенциясы аясында қауіпті химиялық заттар мен пестицидтер тізіміне енгізу мәселесі талқыланды. Содан бері басталған асбестке қарсы тарап пен хризотил-асбест минералын жақтаушылар арасындағы текетірес әлі күнге дейін жалғасып келеді. Соңғы рет 2017 жылдың сәуір-мамыр айында өткен Женевадағы басқосуда Қазақстан, Ресей бар Роттердам конвенциясына мүше елдер әзірге хризотил-асбесті қауіпті зиянды заттар қатарына қоспау туралы шешімге келді. Бұл мәселе енді 2019 жылы болатын конференцияда қайта қаралады.

Роттердам конвенциясын Қазақстан 2007 жылы 20 наурызда ратификациялады. Бұл конвенцияның мақсаты – халықаралық саудада адам ағзасына, қоршаған ортаға қауіпті химиялық заттарды болдырмауға жауапкершілікті күшейту.

Әлі күнге дейін Еуропадағы ықпалды корпорациялар табиғи әрі сапалы, арзан материалды зиянды деп нарықтан алып тастау үшін халықаралық саудада жанжал шығарып келеді. Бұл минералдарды өздерінде өндірмейтін, оның табиғи қоры жоқ мемлекеттер хризотилға қарсы күресті ұйымдастырып отыр.

2017 жылы Испания ғалымдары асбестің зияны туралы зерттеу жүргізіп, нәтижесінде хризотил-асбестің қауіпсіз екенін растады. Ал оған дейін Испанияда жүргізілген зерттеу бойынша мезотелий ісігінен қайтыс болған 113 адам мен қатерлі ісіктен қайтыс болған 226 адамның өкпелерін тексергенде олардың 98%-інде тек амфибол-асбест анықталған. Яғни, әлі күнге дейін хризотилдің зияны дәлелденбей келеді.

Асбестке қарсылық күшейе бастаған соң хризотил саласындағы кәсіподақ ұйымдары «Хризотил үшін» атты халықаралық кәсіподақ альянсын құрды. Альянсқа ТМД елдері, Бразилия, Канада, Қытай, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Мекстика және т.б. елдердің құрылыс кәсіподақтары кіреді.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Әлемде хризотилді өндіретін алпауыт елдер – Ресей, Қазақстан, Бразилия, Қытай. Хризотил мәселесі өндіріс пен құрылыстың дамуын талап ететін елдер үшін маңызды. Бұл минерал – арзан, құрылыста қолдануға ыңғайлы. Оның қауіпсіз екені жүзы жыл бұрын дәлелденген. Хризотилден жасалған шифер астында тұратын адамға аса қауіп жоқ. Ал өндіріс орнында жұмыс істейтіндерге қаупі бар. Соған сәйкес кәсіподақ хризотил саласындағы жұмысшылардың денсаулығын қорғауды бірінші орынға қояды», - дейді Халықаралық кәсіподақ альянсының төрағасы Андрей Холзаков.

Оның айтуынша, асбест орнын алмастыратын балама көп болғанымен, оларды өндіру қымбатқа түседі.

«Еуропа кәсіподақтары жасанды талшықтан жасалған материалдардың адам өміріне зиян тигізбейтінін айтады. Мұны ғалымдардан да естідім. Хризотилге тыйым салып, оның орнын басқа химиялық заттармен алмастыруға біздің қаржымыз жоқ», - деді ол.

ТМД елдерінде хризотил-цемент саласында 50 мың жұмысшы еңбек етеді. Сондай-ақ, кең орындарының маңайындағы елдімекендерде тұратын 500 мың тұрғынның әлеуметтік жағдайы осы салаға тәуелді. Қазақстан Республикасында Қостанай асбест тау-кен байыту комбинаты және Шымкент пен Семейдегі асбест-цемент бұйымдары зауытында 3,5 мыңға жуық адам жұмыс істейді. «Қостанай минералдары» АҚ жыл сайын жергілікті бюджеттің 70 процентін, яғни 3 млрд теңге өлейді.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Қостанайда осы минералды өндіретін Қазақстандағы жалғыз комбинат бар. Асбестің хризотил түрі адам өміріне зиянын тигізбейді. Ал амфибол адам организміне түссе антиденені жойып жіберуге қауқарлы. Ол талшық үлкен болса біздің өкпемізде қалып қояды да, келе-келе қатерлі ісікке шалдықтыруы мүмкін. Сол себепті біздің оппоненттеріміз ұзақ уақыттан бері асбестің барлық түріне соның ішінде хризотилге де тыйым салу үшін күресіп келеді. Еуроодақ елдері дегеніне жетті. Сексенінші жылдардан бастап асбесті алмастыруатын заттар жаппай шығарыла бастады. Хризотилден мүлдем зиян жоқ. Ал оны алмастырушылардың зиянын ешкім зерттемейді», - дейді Хризотил филиалының төрағасы Владимир Чернов.

Оның айтуынша, «Қостанай минералдары» АҚ өнімдерінің 95 проценті Үндістан, Қытай, Өзбекстан, Украинаға экспортталады. Қазақстанда жылына 200 тонна хризотил өндірілсе, Ресейдің екі үлкен кәсіпорны 700 мың тонна өндіреді.

«Асбесті қолдануда еңбекті қорғау тцралы 162-конвенциясына сәйкес өндірісте хризотилді қолдануға рұқсат. Тек өндірушілер қауіпсіздікті қадағалап отыруы тиіс. Қазір бақылау қатаң, өндірісте ауа 99 процентке тазартылып отырады. Хризотилді өндіру доғарылса көптеген отбасы кірісінен қағылады. Сондай-ақ, бұл минерал қала түзуші кәсіпорындарда өндіріледі. Хризотилге тыйым салса адамдар жұмысынан айырылады», - дейді ол.

Ол Роттердам конвенциясы хризотилді өте қауіпті химиялық заттар қатарына қосуды қалайтынын айтады.

«2019 жылы отырыс болады. Оппоненттер қайта осы мәселені көтеріп, тыйым салу туралы дауыс беріп, біз жеңіліске ұшырасақ бізді нарықтан шығарып тастайды. Сол себепті бүгінгідей конференция өткізіп отырмыз», - деді Чернов.

Қазіргі таңда Қазақстанның хризотил-цемент саласы 220 мың тоннадан астам хризотил талшығын, 5 млн шифер және 7700 тонна асбест-цемент құбырын өндіреді. Жыл сайын осы минералдан 20 млрд теңгеден астам соманы құрайтын тауар шығарылады. осы саладағы жұмысшылар еңбегін қорғауға, соның ішінде медициналық тексеру, арнаулы киім және оны өңдеу, арнайы сүт, жеке қорғаныс заттары, міндетті сақтандыру және т.б шараларға жыл сайын 102 млн теңгеден астам қаржы бөлініп отыр.

Хризотил кен орны орналасқан Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраев «Қостанай минералдары» АҚ кәсіпорны тұрғындар үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Бюджетке, әлеуметтік жобаларды іске асыруда кәсіпорынның маңызы өте жоғары. Қаншалықты зиян екенін білмейміз. Медициналық зерттеулерден зияны туралы статистика көрмедік. Ауданда 50 мың адам тұрып жатыр, қалада 35 мың адам тұрып жатыр. Оның үш мыңы осы кәсіпорында жұмыс істейді. Жергілікті бюджетке түсетін салықтың 30 пайызын біз төлейміз», - деді ол.

Оның айтуынша, жұмысшыларға жағдай жасалған, еңбекақылары жоғары.

«Жыл сайын еңбекақы қоры ұлғайып келе жатыр. 2017 жылы аудандағы жалпы еңбекақы қорының 39 процентін, яғни 4 млрд теңгені құрады. Кәсіпорындағы орташа жалақы аудан бойынша 30 процентке жоғары. 170 млн теңге жыл сайын Жітіқара ауданының әлеуметтік экономикалық жағдайын дамытуға бөлінеді. Кәсіпорын өндіретін хризотил Қазақстанда қалмай, сыртқа шығарылады. Қала түзуші кәсіпорындарды сақтап қалу өте маңызды. Жұмысшылар қаншама отбасыны асырап отыр», - деді ол.

Фото: Нұржас Жақсыбай

Инвестициялар және даму министрлігі бұл салаға қарсылық танытпайды.

«Елдің позициясы бар. Бұл хризотил-асбест бақылауда ұстай отырып қолданылуы тиіс. Хризотилді қолданып келе жатқанымызға 50 жылға жуықтады. Бұл минерал құрылыс саласында кеңінен пайдаланылады. 50 жылдың ішінде оның зияны дәлелденбеді. Оны өндірген кезде шаңдатпай, еңбек қауіпсіздігін сақтау керек. Хризотил-асбестің 97 пайызы қатты өнім шығаруға қолданылады. Бақылауда ұстап өндірсек зияны болмайды деп ойлаймыз. Еуропаның қарсылық таныту себебі кезінде амфибол-асбест Еуропада қолданылған кезде адамдарға қатты әсер еткен, ауруға шалдыққан. Содан кейін оған тыйым салды. Бірақ бізде хризотил-асбест қолданылады, амфибол мүлдем қолқолданылмайды», - деді ҚР ИДМ құрылыс индистуриясы ағаш өңдеу басқармасының басшысы Асқар Сағиданов.

«Хризотил» үшін халықаралық кәсіподақ альянсының баспасөз хатшысы Людмила Сиялованың айтуынша, хризотил саяси және экономикалық күрес құралына айналып отыр.

«Мұның артында миллион адамның өмірі тұр. Бұл – қауіпсіз үй шатырлары, бұл – таза суды жеткізетін құбырлар, бұл – болашақ. Ал хризотил өндіретін көптеген кәсіпорындар – қала түзуші кәсіпорындар. Біз үшін бұл салада еңбек ететін адамдардың өмірін сақтау маңызды. Біз оларға қауіпсіз жағдай жасауымыз қажет», - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетсек, конференцияда Қазақстан, Ресей, Беларусь және басқа да ТМД елдеріндегі хризотил өнеркәсібінің өкілдері жұмысшылардың денсаулығын қорғауға арналған жаңа тәсілдерді ендіру қажеттілігін және экономиканың кен игеруші секторының барлығында, соның ішінде хризотил өнеркәсібінде барынша тиімді қауіпсіздік жүйелерін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Конференция соңында хризотилді қолдану резолюцисы қабылданатын болады.

Хризотил әр түрлі салада қолданылатын үш мыңға жуық бұйымның құрамында бар. Әлем халқының 80 проценті өмір сүретін дамушы елдер әлі күнге дейін хризотил-асбесті әртүрлі өнеркәсіп салаларында және баспана құрылысында қолданып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер