BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қазақстанда автокөлік утилизациялайтын алғашқы зауыттың құрылысы толық аяқталды

Фото: Жібек Мұқашева

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен «Жаңа индустрияландыру: Қазақстан барысының серпіні» атты ұлттық телекөпір барысында Қарағандыда ескі көліктерді қайта өңдейтін зауыттың екінші кезеңі іске қосылды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қарағандының «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында салынған зауыттың бірінші кезеңі үстіміздегі жылдың шілде айында іске қосылған болатын. Ал бүгін жалпы құны 3 миллиард 400 миллион теңгені құрайтын зауыттың құрылысы толықтай аяқталып, телекөпір барысында пайдалануға берілді. Енді зауыттың мүмкіндігі 98 пайызға артып, қуаттылығы жылына 50 мың бірлікке дейін жетеді.

Көліктерді қайта өңдеумен айналысатын «Recycling Company» ЖШС өз жобасының екінші кезеңінде жылына 50-55 мың машинаны немесе 60 мың тонна қара металды өңдеу мүмкіндігі бар екендігін айтады. Мұнда жеңіл көліктермен қоса зауыт жүк көліктерін және ауылшаруашылық техникасын да қайта өңдей алады. Жасыл экономика шеңберінде бұл маңызды әрі лайықты жоба болып табылады.

«Бұл тасымалдау құралдарын қайта өңдейтін Қазақстандағы алғашқы зауыт. Ол бар болғаны 9 айдың ішінде тұрғызылды. Жоғары теxнологиялық құрал-жабдықтар жылына 50 мыңға тарта ескі көлікті қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Жылына 20 мың тонна қара және түсті металл алу көзделіп отыр. Теxнологиялық процестердің барлығы қоршаған ортаға зиянын тигізбейді», - дейді «Recyclinig Company» ЖШС қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Нұраxметов.

Қолданыстан шыққан көліктердің қалдықтарынан мұнда болат, алюминий, түсті металлдар қоспасы, сондай-ақ резеңке ұнтақтары мен көмірсутек өндірілетін болады.

Сонымен қатар екінші кезеңнің ішіне пирролизді жабдықтар орнатылды, енді автомобильдерден шыққан майлар мен сұйықтықтар қайта өңделеді.

Еске салайық, өткен жылы ескі көліктерді өңдеу бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданып, осының аясында тозған көліктер мен олардың қосалқы бөлшектерін жинақтау іске асырылып келе жатқан болатын. Қазіргі уақытта еліміздің әрбір тұрғыны іске жарамсыз болған темір тұлпарын ескі көліктерді қабылдайтын арнайы орындарға тапсырып, ақысын ала алады. Ол үшін елімізде көлік қалдықтарын жинайтын 17 пункт ашылған. Ескі көліктердің иелеріне екі түрлі төлем ұсыналады: 150 мың теңге көлемінде қолма қол ақша немесе отандық көлік сатып алуға 350 мың теңгелік сертификат.

Әзірге еліміздің ешбір аймағында жоқ зауыт көліктердің қалдықтарын өңдеп, олардан алюминий, болат, түсті металдар өндіреді. Қалдықтардан алынған қорытпалар аймақтағы мыс қорыту зауытына жеткізіліп, әрі қарай өндіріс үшін пайдаланылады.

«RecyclingCompany» ЖШС іске асырған жоба 2015-2019 жылдарға арналған индустриялды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Жаңа зауыт заманауи италияндық құрылғылармен жабдықталған. Кешеннің жұмысы компьютерлік жүйемен бақыланады. Италияндық құрылғы сағатына 20 автокөлікті металға айналдырып, қайта өңдей алады.

Фото: Автордікі


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер