Инвестициялық климатты дамыту біз үшін басымдыққа ие – Сағынтаев - Индустрияландыру|28 Қыркүйек 2018, 12:46
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Инвестициялық климатты дамыту біз үшін басымдыққа ие – Сағынтаев

Фото: Бауыржан Жуасбаев

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Астанада өтіп жатқан “Даму мақсатында саудаға және инвечтицияларға жәрдемдесу мәселелерін ілгерілету: Еуразиялық көзқарас” атты форумда Қазақстанның әлемдік экономика және сауда нарығындағы орны туралы баяндады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

“Қазақстан Үкіметі ДСҰ инвестицияларға жәрдемдесу туралы жаңа бастамасын толық қолдайды. Инвестициялық климатты жақсарту біз үшін үлкен басымдыққа ие. Соңғы он жылда Қазақстан экономикасының түрлі секторына шамамен 250 млрд АҚШ долларын құрайтын тікелей инвестиция тартылды. 2017 жылы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 21 млрд АҚШ долларын құрады. Оның төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне бағытталды. Шикізаттық емес секторға барлық шетелдік инвестициялардың шамамен 51 проценті арналған. Биыл да оң динамика сақталып отыр”, - деді Премьер-министр.

Сағынтаев 2018 жылдың жарты жылдығында ірі инвесторлармен 69 жаңа жобалар бойынша уағдаластыққа қол жеткізіп, олардың арасында АҚШ, Қытай, Түркия, БАӘ, Ұлыбритания, ЕО елдерінің 10 мультиұлттық компаниясы барын атап өтті.

“Біздің еліміз Орталық Азиядада инвестициялық климат бойынша 1-орын алады. ОА елдеріне салынған инвестициялардың 70% астамы Қазақстанға тиесілі. Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында мемлекетіміз инвесторлармен өзара әрекет пен ашық диалогты қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестиция тарту үшін инфрақұрылымды жетілдіру секілді реформалар жүргізіп келеді. Соңғы 4 жылда салық және кеден, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саласында 52 реформа енгізілді" - деді ол.

Оның айтуынша, 2018 жылдың мамыр айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бизнес климатты жақсарту бойынша мыңнан астам түзетулер енгізілген 14 кодекс және 109 заңды қамтитын заңнамалық пакетке қол қойды.

“Бақылау-қадағалау функциялары 30%-ке, рұқсат беру талаптарының саны 56%-ке азайды. Тексеруші органдар 1000 штат бірліке қысқартылды. Халықаралық стандарттарға сай жаңадан салықтық және кедендік тәртіптер енгізілді. Салық кодексі оңтайландырылды. Салықтық жүктемеге артықшылықтар ұсынылды. Жаңа салық кодексі процедуралардың ашықтығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ тауарларды автоматты өткізуге мүмкіндік беретін электронды декларациялауды енгізді. Мемлекеттік-жеке серіктестік саласындағы жобаларды жоспарлау процесстері оңайлатылды. Соған сай қызығушылық танытатын инвесторлар сәтті жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік-жеке серіктестік жобаларының бірыңғай деректер базасына кіру мүмкіндігіне ие болды. Көші-қон, еңбек заңнамасы жетілдіріліп, шетелдік жұмыс күшін тарту процедурасы жеңілдетілді. 2016 жылдан бастап инвесторларға арналған бір терезе принципі жұмыс істейді және еліміздің барлық облысында инвесторларға өңірлік қызмет көрсету кеңселері ашылды”, - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Ол ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесі 20 жыл бойы Үкімет пен инвесторлар арасындағы диалог алаңы болып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Қазақстанда инвесторларға диалог алаңын ұсыну мақсатында инвестициялық институттар мен бизнес омбудсмен ұйымдастырылған.

“Бүгінде инвестиция мен іскерлік климат нығая түсті. Инвесторлар үшін заңнамалық тұрғыда жаңа мүмкіндіктер мен артықшылықтар берілді. Олар Қазақстандағы экономикалық интеграциясының арқасында ауқымды нарықтарға шығу артықшылығына ие болды. 2015 жылы Қазақстан мен Еуропа Одағы экономиканың өндірістік секторындағы инвестиция үшін қолайлы жағдай құруға негіз болатын кеңейтілген серктестік туралы келісімге қол қойды. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысу арқылы 180 млн адам мен 4 трлн АҚШ долларын құрайтын кедендік шекарасыз бірыңғай нарыққа шығу артықшылығына ие болды. Қытай, Ресей, ОА елдерімен көрші орналасуымыз 300 млн астам адам тұратфн жақын маңдағы нарыққа шығу үшін қолайлы болып отыр”, - деп мәлімдеді Сағынтаев Астанада өтіп жатқан форумда.

Премьер-министр сөзінде Қазақстанның ЕАЭО-ға мүше болуы әлемдік сауда қатынастары жүйесінде интеграцияның тиімді құралы болып отырғанын айтты. Қазақстан 2016 жылдан бастап ЕАЭО елдері арасындағы еркін сауда аумағы туралы келісім бойынша әрекет етіп келеді. Мамырда Қытаймен сауда-экономикалық серіктестік орнату туралы келісімге келді. Сондай-ақ Иранмен еркін сауда аумағы туралы келісімге қол жеткізді. Египет, Израиль, Сербия, Сингапур секілді елдермен сауда-экономикалық серіктестікті кеңейту туралы белсенді жұмыстар жүргізілуде.

“ДСҰ және ЕЭО аясында Қазақстан лицензиялық рәсімдердің ашықтығын және қызмет көрсету секторының талаптарын сақтау міндеттемелерін алған.Бүгінде Қазақстан ЖІӨ жартысына жуығы қызмет көрсету саласында қалыптасып келеді. Сонымен бірге, ДСҰ аясында Қазақстан шетелдік инвесторларға көлік-құрылыс, сауда және энергетикалық сынды қызмет көрсетудің негізгі салаларында бірдей қолайлы жағдай жасауға кепілдік береді. Осылайша, Қазақстан инвестицияларға жәрдемдесуде ДСҰ мен ЕуразЭҚ аясындағы барлық халықаралық талаптарға сәйкес, барлық принциптерді толығымен ұстанып келеді. Бұл тұрғыда Қазақстан инвестицияға жәрдемдесу мәселелерін көпжақты деңгейде, әсіресе ДСҰ алаңында талқылауды жалғастыруды маңызды деп есептейді. Біз ДСҰ мүше мемлекеттерді ДСҰ бейресми диалогына қосылуға шақырамыз. Бұл диалог аясында ұлттық тәжірибе туралы ақпарат алмасуға болады. Бұл бастама заманауи әлем үшін ДСҰ өзектілігін айғақтап, халықаралық сауда мен жаһандық экономиканың өсуіне ықпал етеді деп үміттенеміз”,- деп сөзін түйіндеді Үкімет басшысы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер