BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы мемлекет

Елімізде 2010 жылдан бері индустрияландыруды жүзеге асыру қарқынды жүргізіліп келеді. Осыған орай шет елдерден инвестиция тарту қарқынды жүріп жатыр деуге негіз бар. Соңғы он жыл көлемінде Қазақстан шетелден инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда көш бастап тұр. Бұл туралы Baq.kz ақпарат агенттігінің арнайы сауалына жауап берген ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Инвестиция комитеті төрағасының орынбасары Лариса Жұмағалиева мәлімдеді.

«Егер алғашқы бесжылдықтың басында, яғни, 2009 жылы тікелей шетелдік инвестиция тартылған өндірістің үлесі тек 8,5 пайыз болса, бүгінгі күні шетелдік инвестициялардың төрттен бір бөлігі өңдеу өнеркәсібіне құйылып, биыл бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 22,8 пайызға жетті» - дейді министрлік өкілі.

Сонымен қатар ол елімізге тікелей тартылған шетелдік инвестициялар жайлы да мәліметтермен бөлісті.

«ҚР Инвестициялар және даму министрлігі ел экономикасына инвестицияның құйылуына тікелей жауапты және тиісті министрліктердің осы бағыттағы жұмыстарын үйлестіруші мемлекеттік орган болғандықтан бұл салада атқарылып жатқан жұмыстар өте ауқымды» - дейді Лариса Жұмағалиева.

Оның айтуына қарағанда Қазақстанға инвестиция салуда Нидерланд республикасы көш бастап тұр.

«Инвестиция тарту бойынша Қазақстан Орталық Азияда көшбасшы болып саналады. Жалпы, 2005-ші жылдан 2017-ші жылдың 1 жартыжылдығына дейін біз 250 млрд доллардан астам инвестиция тарттық. Соның ішінде 2016 жылы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 21 млрд долларды құрады. Бұл 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 41,5%-ға жоғары. Тікелей шетелдік инвестицияны көп көлемде әкелген елдерді де атап өтейін. Олар: Нидерланд (7,9 млрд АҚШ доллары), АҚШ (3,4 млрд доллар), Швейцария (2,7 млрд АҚШ доллары), Франция (1,1 млрд АҚШ доллары), Қытай (960,9 млн АҚШ доллары), Ресей (867,4 млн АҚШ доллары), Бельгия (710,6 млн АҚШ доллары), Ұлыбритания (684,8 млн АҚШ доллары) елдері» - дейді Төрағаның орынбасары.

Индустрияландыру картасына енген жобаларды ел экономикасына қомақты үлес қосатындай деңгейде дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды және бұдан әрі де іргелі істердің, жүйелі жоспарлардың орындала беретіні анық.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер