BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Ынтымақ" тұрғындары Қасымбек пен Баталовқа шағым жолдады

Өткен жұма күні редакцияға Алматы облысы, Іле ауданы, Ынтымақ ауылының бір тұрғыны хабарласты. Айтпағы жол мәселесі екен. Сонымен ынтымақтық апамыздың әңгімесі төмендегідей.

Алматы-Қапшағай күрежолының бойында жатқан Ынтымақ, Қоянқұс, Жаңадәуір, «Бірінші май» ауылдарына бұрылатын бұрылыстар ескерілмеген. Тіпті Ынтымаққа тиіп тұрған 4 шақырым аудан орталығы – Өтеген батырға бару үшін Алматымен айналу керек. Себебі күрежол бойындағы ауылдарға бұрылыс ашылмаған.

«Соның салдарынан Ынтымақ, Қоянқұс, Жаңадәуір ауылдарына баратын тұрғындар 10 шақырым жердегі Көктеректің айналмажолымен жүруге мәжбүр. Жолдың ұзақтығынан ауылға қоғамдық көлік қатынауды сиретті. Күніне үш-ақ рет қатынайды автобус. Ал таксилер бұған дейін 200 теңге еді, бүгіннен бастап 300-ге қымбаттап кетіпті» - дейді кейуана.

Оның айтуына қарағанда бір ғана Ынтымақтың өзінде 10 мыңға тарта халық тұрады. Оның көбі қалада оқитын студенттер, оқушылар, қалада жұмыс істейтін азаматтар.

«Автобустар айына 35 мың теңге автопаркке төлеп тастаса болды, одан кейін олардың жұмысын қадағалап жатқан адам жоқ. Белгіленген тарифін төлесе болды, олар маршрутқа шығып жатыр ма, жоқ па, оған бас ауыртатын мемкемелер жоқ. Содан кейін де жекеменшік автобустар рейске шыға ма, қоя ма өздері біледі. Алматы-Қапшағай автожолы әлеуметтік маңызды нысан деп күнде айтады. Сонда жол бойындағы халық әлеуметтік маңызды емес пе?» - дейді әбден тығырыққа тірелген ана.

Ынтымақ тұрғынының айтуына қарағанда ауылда мектеп жетіспейді, балабақшаға бала симай жатыр.

«Біздің ауылдағы мектеп 4 ауысыммен оқиды. Ал балабақшаға бала симай жатыр. Соның салдарынан балаларын қалаға мектепке, балабақшаға апаратын тұрғындар бар. Қазір қатынас дұрыс болмағандықтан балабақшадағы балаларын үйіне әкеп, бірінен бірі көмек сұрап жүрген адамдар көп. Мен де немеремді балабақшадын шығарып алуға мәжбүр болдым» - дейді ынтымақтық әже.

Бұл мәселе бұған дейін де көтерілген екен. Жергілікті БАҚ Ынтымақтың жағдайымен танысып көріпті. Эфирден де берілген екен. Бірақ нәтиже жоқ.

«Бірнеше телеарна келіп түсірді, бірақ одан өзгерген ештеңе де жоқ. Әйтеуір көрсету керек болған соң көрсетті ғой. Ал мен осы мәселенің министр Жеңіс Қасымбекке, Алматы облысы әкімі Амандық Баталовқа жеткенін қалаймын. Жерге төселген жол мемлекет үшін маңызды болғанда, сол жерде тіршілік етіп, сол елге қызмет етіп жатқан азаматтар не үшін маңызды болмай қалды екен? Осы сұраққа жауап алғым келеді» - дейді кейуана.

Ынтымақ тұрғындарының атынан сөйлеген әженің әңгімесі осындай. Мәселенің мәнісіне жетіп, ауыл тұрғындарының жанайқайына аталған министр мен өңір басшысы немқұрайдылық танытпас деген үмітпен кейуананың айтқанын жеткіздік.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер