BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Индустрияландыру бағдарламасы бойынша оқыған алғашқы түлектер диплом алды

Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде индустрияландыру бағдарламасы бойынша оқыған 121 түлекке диплом тапсырылды. Олар «магистрант – ЖОО – кәсіпорын» үшжақты келісімі негізінде оқып шықты. Енді бір жарым жыл бойы арнайы дайындалған мамандар 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша ашылған кәсіпорындарда еңбек етеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Қазақ агротехникалық университеті индустрияландыру бағдарламасы аясында ашылатын өндіріс орындарына мамандарды даярлайтын 11 базалық оқу орнының бірі. Бұл жерде бір жарым жыл ішінде екі мамандық бойынша 121 адам оқып шықты. «Азық-түлік өнімдері технологиясы» мамандығы бойынша 60 адам және «Технологиялық машиналар және құрал-жабдықтар» мамандығы бойынша 61 адам.

«Бүгін мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша магистратурада оқыған алғашқы түлектерді шығарып отырмыз. Олар енді бағдарлама аясында ашылған өндіріс орындарында еңбек етеді. Бұл мамандар бұрын да дайындалған. Бірақ кәсіптік бағыт бойынша магистратурада алғаш рет оқытылып жатыр», - дейді С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Нұрлан Серікбаев.


Өндіріске мамандарды дайындау арнайы бағдарлама бойынша жүргізілген. Қазақ агротехникалық университеті UC Davis (АҚШ) университетінің жетекші мамандары мен ғалымдарымен бірлесе жаңа оқу бағдарламаларын әзірлеген.

«Ет және ет өнімдері технологиясы», «Сүт және сүт өнімдері технологиясы», «Дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеу», «Ауылшаруашылық машиналары мен құрал-жабдықтарын шығару және пайдалану» бағдарламалары әзірленді. Одан кейін мемлекет соңғы екі жылда 420 миллиондай қаражат бөлді. Осы қаражатқа төрт технологиялық платформа жасадық», - деді Н.Серікбаев.

«Тамақ өндірісі саласында АҚШ, Польша, Малайзия, Германияның алдыңғы қатарлы университеттерінің профессорларының дәрістерін тыңдадық. ТМД және Еуропа елдерінде тағылымдамадан өттік. Осы бағдарлама бойынша бакалавриаттағы «Азық-түлік өнімдері технологиясы» мамандығы бойынша оқуымды жалғастырдым. Теориялық және практикалық өте пайдалы білім алдым», - дейді бүгін диплом алған мамандардың бірі Асан Дұшымов.

Индустрияландыру бағдарламасы бойынша оқып шыққан мамандар жұмыссыз қалмайды. Өйткені олар бағдарлама аясында ашылған өндіріс орындары үшін арнайы үшжақты келісім негізінде дайындалып жатыр. Келісімшарт мерзімі - 3 жыл. Бүгін диплом алған 121 түлек ақпан айынан бастап еліміздегі 80 кәсіпорында жұмыс істейтін болады.

«Университетте оқытушы болып 10 жыл еңбек еткен едім. Осындай жақсы бағдарлама шыққасын, мүмкіндікті пайдалануды жөн көрдім. Енді мен Көкшетаудағы «Қазақстанның Агро Инновациялық корпорациясында» инженер болып еңбек ететін боламын. Бұл жаңа зауыт. Беларусь зауытымен бірлесе отырып трактор құрастырады. Биыл Еуро-4 стандартына сәйкес 300-ге жуық трактор жинау жоспарланған. Біз де енді осы мақсатқа өз үлесімізді қосатын боламыз», - дейді Жанна Ыбраева.

Университет басшылығының айтуынша, бүгін диплом алған мамандардың бәрінің жұмысы бар. Келісім бойынша кәсіпорындар мамандарды күтіп отыр.

«Біздің түлектерден бас тартқан кәсіпорындар жоқ. Біз оларға алдын-ала ескертіңдер деп айттық. Индустриялық-инновациялық бағдарламаға кірмеген басқа өндірістер болса, мамандарды сонда жібереміз», - дейді Н.Серікбаев.

ФОТО: Азамат ӘЛИЕВ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер