BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Енді Жезқазғанға бір сағатта жетуге болады

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін QAZAQ AIR әуе компаниясы Астана-Жезқазған бағытында жаңа рейс ашты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Аптасына дүйсенбі, сәрсенбі күндерден басқа 5 күнде күніне 1 рет ұшатын ұшақ бағасы қолжетімді.

Астанадан ұшатын ұшақ билеті – 13366 теңге. Ұшу уақытының ұзақтығы – 55 минут. Ал Жезқазғаннан Астанаға жеткенше 13662 теңге. Бұл барлық төлемдерді қоса есептегендегі сомасы.

«Біздің ойымызша Астанадан жезді қалаға жиі сапар шегетін жезқазғандықтар бұл рейсті көптен күткен болар. QAZAQ AIR әр жолаушысына жауапкершілікпен қарап, діттеген жеріне аман-сау жеткізуге әрқашан дайын екенін қуана хабарлаймыз» - дейді әуе компаниясының коммерциялық директоры Адель Дәулетбек.

Әуе компаниясының бұл бағытының ашылғанына жергілікті билік те дән риза.

«Астанадан және Алматы қаласынан Жезқазғанға рейс ашлуы біз үшін үлкен қуаныш. Себебі бұған дейін СКАТ аптасына үш рет рейс жасайтын болса, енді міне QAZAQ AIR аптасына 5 күн Астана-Жезқазған бағытына ұшуды бастап отыр. Бұл біз үшін өте тиімді. Ең әуелі уақытымыз бен экономикамыз үшін де, әлеуметтік жағдайымыз үшін де тиімділігі жоғары болып отыр» - деді Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Жұманазарқызы.

Астана-Жезқазған бағытына рейс ашылғанына қала тұрғандары да қуанышты. Олар үшін ең бастысы жолға кететін уақытты үнемдеу болды.

«Өзім Астанада тұрамын. Бірақ демалыс күндері Жезқазғанда тұратын ата-анама келіп қайтуға өте тиімді болды. Пойызбен жүргенде уақыттың барлығы жолға кететін еді. (16 сағат – ред.) Ал автобуспен жүру үшін жол мәселесі сын көтермейді. Енді міне қалтамызға да ауыр соқпайды, айналасы 1 сағаттың көлемінде Жезқазғанда боламын» - дейді алғашқы рейспен ұшқан Азамат есімді азамат.

Бүгінгі таңда еліміздің біраз облысына ұшатын QAZAQ AIR әуе кемесі алдағы күзден бастап Атырау, Ақтөбе бағыттарына да рейс ашады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер