BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Буды қалпына келтіру: Экологиялық таза және үнемді шешім

Атырау облысындағы «ҚазТрансОйл» АҚ Н. Шманов атындағы мұнай айдау стансасын (МАС) қайта жаңғырту кезеңінде пайдалануға берілген буды қалпына келтіру қондырғысы мұнайды тасымалдауда өндірістік шығынды азайту және атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды тежеуде өз тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Аталған қондырғыны «ҚазТрансОйл» АҚ өндірістік нысанына енгізу - Біріккен Ұлттар Ұйымының климатты өзгерту жөніндегі Негізгі Конвенциясының Киот хаттамасын 2009 жылдың 26 наурызында Қазақстан Республикасының ратификациялауының нәтижесі.

«ҚазТрансОйл» АҚ баспасөз қызметі мәлім еткендей, буды қалпына келтіру қондырғысы мұнай айдау стансасының резервуар паркінде орналасқан. Қондырғының негізгі міндеті – мұнайды сақтағанда және тасымалдағанда, толтырғанда пайда болатын көмірсутектердің жеңіл буын қайта өңдеу. Нәтижесінде сұйықтықты сіңіру әдісін қолдану арқылы көмірсутек бөлшектері тұтылып, атмосфераға таза ауа шығарылады.

Буды қалпына келтіру қондырғысының әрекет ету принципі ​сіңіру үдерісіне негізделген. Көмірсутектердің жеңіл буы белсендірілген көмір түйіршіктерінен құралған сүзгі қабаты арқылы өткізіледі. Ұшқындаған органикалық қоспалар белсендірілген қөмір бетінде қалып, көмірсутектерден арылған ауа атмосфераға шығарылады. Белсендірілген көмір ұшқындаған органикалық қоспалармен белгілі бір деңгейге толғанда, сүзгі регенерация режиміне қосылады. Регенерация, яғни, белсендірілген көмірді тазарту, сүзгі қабаты арқылы өткізілген вакуум мен тазартылған ауада жүзеге асырылады.

Н. Шманов атындағы МАС-та буды қалпына келтіру қондырғысын орнату өндірістік нысанның жұмысына айтарлықтай оң ықпал етті. Атап айтқанда, ауаға шығатын жарылыс қаупі бар көмірсутектердің булы қоспасы азайды, жұмысшылар улы бу жұтудан қорғалады және өндірістік шығын төмендеді. Бұдан басқа, тұтылған көмірсутек буларынан құнды өнім алуға болады. Әйтпегенде, ол атмосфераға босқа ұшып кетер еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер