Астанада 2000-ға жуық адам тиісті баспанасын ала алмай жүр - Индустрияландыру|22 Тамыз 2018, 11:42
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Астанада 2000-ға жуық адам тиісті баспанасын ала алмай жүр

Астанада 2 мыңға жуық адам заңды баспаналарына қол жеткізе алмай жүр. Өйткені «Жағалау» және «Шығыс» тұрғын үй кешендерінің құрылыстары тұралап, 6 жылдан бері ешқандай жұмыс жүргізілмей тұр. Сабыры сарқылып, төзімі таусылған тұрғындар мәселенің мән-жайын білу үшін құрылыс жұмыстарына жауапты компания өкілдерімен кездесіп, өз өкпе-наздарын жеткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

24.kz арнасының мәліметіне қарағанда, Наталья Фурцева «Шығыс» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне осыдан бір ай бұрын көшіп келген. Алайда құрылысы аяқталмаған үйде тұру отбасы мүшелеріне, нақты айтқанда, балаларға өте қауіпті. Жеделсатының орнатылмағаны былай тұрсын, мында баспалдақтардың таяныштары да жоқ.

"Әжетхана, жуынатын бөлме іске қосылмаған. Үйімізде су да жоқ. Балаларыма тамақ пісіріп, үй жинап, адам сияқты өмір сүруге еш мүмкіндік жоқ. Осы пәтерді алты жыл бойы күтіп едік. Енді, мына жағдайымызға қараңызшы?!" - дейді үлескер Наталья Фурцева.

Ал кейбір үлескерлердің жағдайы тіпті мүшкіл. Пәтер құны толықтай өтелсе де, үйдің іргетасы әлі қаланбаған. Құрылыс жұмыстары 2013 жылы экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты тоқтап қалса керек. Содан бері екі мыңға жуық адам «Жағалау» және «Шығыс» кешендеріндегі шаршы метрлеріне қол жеткізе алмай дал.

"Мен 2013 жылы «Шығысқа» 12 млн 100% ақша салғанмын. Екі бөлмелі пәтерге. Менің келісімшартымда 2015 жылы шілдеде аласың деген қағаз болған. Бұл кісілердің қабырғасы салынған үйлері дайын ғой. Менде тіпті іргетасы да жоқ. Әр сенбі-жексенбі сайын барып қарап кетемін, іргетасын көтерді ме екен деп" - дейді Айнаш Тасжанова есімді үлескер.

Құрылысы тұралап қалған кейбір үйлерге мемлекет қолдау көрсеткені белгілі. Ол үшін проблемалық нысандарды біржақты шешу мақсатында республикалық бюджеттен 40 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Алайда «Жағалау» және «Шығыс» кешендеріндегі құрылыс жұмыстарынде өзгеріс байқалмайды. Белгілі болғандай, жауапты компания мердігермен келісім шарт жасамаған.

"Компания тарапынан шамамен 15-16 шақты ескерту жасалды. Құрылыс жұмыстары мен бухгалтерия қызметіне байланысты бірнеше ескертулер бар. Айтылған мәселелердің барлығын қарастырып, түзету керек. Сондай жағдайда ғана құжаттар реттеліп, келісім жасалады. Себебі Үкімет бөлген қаржы қайтарылуы тиіс" - дейді «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Уәлихан Досаев.

Үлескерлер мердігер компания басшылығына күнде жолыққанымен, түйіткілдің түйіні тарқамай тұр. Ал мердігер компанияның басшылығы қолдан келгенін жасап жатырмыз деп өз уәжін жеткізді. Бұл жоба 12 проблемалық нысанның ең ірісі, оның құны – 17 млрд теңге.

"Қазір осы жоба бойынша сараптама жүргізіліп, тиісті келісім жасалып жатыр. Осы бір жобаның ішінде 6 нысан болғандықтан, барлық құжаттар егжей-тегжейлі тексеріледі. Жұмыс өте көп. Ескертулер мен кемшіліктер де жақын арада жойылады. Алдағы аптада келісімшарт толықтай қол қоюға дайын болады" - дейді мердігер компания басшысы Сергей Котляров.

Бүгінде бұл үйлер қысқы маусымға дайын емес. Пәтерлерде су және жылу жүйелері мүлде жоқ.

"Біздің үй жылу қабылдауға 50% дайын, бірақ жылу магистралі іске қосылған жоқ. Осы мәселенің шешімін таба алмай жүргенімізге бір жыл болды. Барлық тұрғындар барынша белсенділік танытып жүр, себебі жылыту маусымына қазірден дайындалуымыз керек" - дейді үлескерлердің бірі Данияр Әбенов.

Ендігі кезекте мердігер компания сөзден іске көшіп, құрылыс жұмыстарын жоспарға сай аяқтауы тиіс.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер