BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Астана электртехникалық зауыты алпысқа жуық өнім шығарады

Фото: автордікі

Қазақстанда соңғы жылдары жеке кәсіпкерлік дамып келеді. Соның бірі электртехникалық жабдық өндіретін «Астана электртехникалық зауыты». БАҚ өкілдері елордада орналасқан өндіріс ошағының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

2012 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан зауыт сапалы әрі сұранысқа ие жабдықтарды шығаратын кәсіпорын ретінде танымал. Жыл өткен сайын кәсіпорын шығарылатын өнім сұрыптамаларын арттырып келеді. Бүгінде 60-қа жуық өнім шығарылады. Оның ішінде жинақтық трансформаторлық қосалқы станциялар, жоғары вольтты ұяшықтар, бөлетін тұстама және т.б. бар.

Кәсіпорын өнімдері сертификатталған. «CT-KZ» тауар шығарылған жері мен сапа сертификаттарына ие. «Самұрық-Қазына» АҚ реестріне отандық электртехникалық өнім шығарушы ретінде тіркелген.

Кәсіпорында 125 адам жұмыс істейді. Олар жобалаудан бастап өнімді дайындау, монтаждауға дейінгі жұмысты атқарады. Технопарк аумағында орналасқан (бұрынғы «ЦелинСельМаш» зауыты) кәсіпорынның өндірістік ауданы 5000 шаршы метрді құрайды.

Зауыт 5 цехтен тұрады. Бірінші цехта шкаф формасын металдан жасап шығады. Содан соң екінші цехта оларды бір-біріне қосу үшін дәнекерлеп, құрастырады. Екінші және үшінші цехта шкафты бояу процесі жүреді. Негізгі түс – көк және ақ. Тапсырыс берушінің таңдауына қарай басқа түстермен де бояуға болады. Соңғы әрі ең маңызды бесінші цехта транформатор ұяшықтарын құрастырады.

Зауыт айына 4-6 шағын станция құрастырып шығарады. Өндіріс қуаты электр техникалық өнімдерді молынан жөнелтуге мүмкіндік береді. Зауыт дайындайтын өнімдердің 95 пайызы ішкі нарықты қамтамасыз етеді. Сонымен бірге ішкі нарықтан бөлек, Қырғызстан мен Өзбекстанға өнімдерін экспорттайды. Түркия, Ресей, Германия, Оңтүстік Корея зауыттың негізгі серіктестері болып отыр.

Өнім көлемі 2016 жылы 2,2 млрд теңгені құраған. Ал транформаторлар бағасы қуаттылығына қарай 200 мыңнан 500 млн-ға дейін тұрады. Мысалы, қымбат трансформаторлардың биіктігі 5 қабатты үймен тең.

«Зауыт 2012 жылы ашылды. Алғашында 12 адам ғана жұмыс істеді. 2016 жылы жұмысшылар саны 10 есе өсті. Жыл сайын өнім көлемі артып отыр. Айына 4-6 трансформаторлық аралық станциялар құрастырамыз. Былтыр 2,2 млрд сомасында өнім шығардық. Биыл бұл соманы 4 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді «АЭЗ» коммерциялық директоры Асылхан Манатов.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің басшысы Сәкен Шынтасовтың айтуынша, палата отандық тауар өндірушілерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді.

«Қазақстанның барлық өңірінде «Қазақстанның үздік тауары» атты конкурс басталып кетті. Бұл зауыт Астана қаласы бойынша 1-орын алды. Біздікілер экспортқа шығады. Кез келген өнәркәсіп орны өзінің сапалы екенін дәлелдеуге тиіс», - деді ол.

«АЭЗ» – Астанада өткен «Қазақстан тауары» атты өңірлік көрме-байқауының «Өндірістік мақсаттағы үздік кәсіпорын» аталымының жеңімпазы атанды. Кәсіпорын республикалық деңгейде осы саланың үздігі атануға үміткер. Байқау қорытындысы жыл соңында ҚР Президентінің қатысуымен өтетін марапаттау салтанатында жарияланады. Іс-шараны «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласының кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 12:54
Софияда Астана көшесі ашылды
29 Желтоқсан 2018, 12:42
Астана. Қысқы этюдтер
Пікірлер