BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеде іске қосылған газ құрғату кәсіпорны газ экспортын арттыруға мүмкіндік береді

Фото: Интернеттен алынды

Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасының «Газды құрғату қондырғысы» іске қосылды. Индустрияландыру күні аясында өткізілген телекөпір арқылы нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен бүкілхалықтық телекөпір кезінде Ақтөбедегі «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасында салынған «Газ құрғату қондырғысы» іске қосылды. Қайта жаңғыртылған газ инфрақұрылымының нысаны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мемлекеттік индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде салынды. Инвестициялық жоба көлемі мен өнімділігі жөнінен елдегі бірегейі. Қазақстанда газ саласындағы мұндай инфрақұрылымды нысан бұрын-соңды болмаған.

«Газды құрғату қондырғысы магистралдық газ құбыры бойындағы ең ірі объектілердің бірі болып саналады. Аталмыш жобаны жүзеге асырудың арқасында газды Ресей, Қытай, Өзбекстанға экспорттау және транзиттеу көлемі артады. Жоба қуаттылығы тәулігіне 27 миллион текше метрді құрайды. Бұл нысанның елдегі энергетика қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар» деді «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров.

Шалқар ауданындағы «Бозой» газ сақтау қоймасынан өндірілетін табиғи газ қондырғының көмегімен тек Ақтөбе ғана емес, еліміздің оңтүстік өңірлеріне жеткізіледі. «Бұқара-Орал» және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырлары арқылы көгілдір отынды тасымалдау қуатын арттырып, жылыту мауысымында сапалы, үздіксіз газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Алда отандық өнім Ресей, Өзбекстан мен Қытайға жіберіледі.

Елде газ тапшылығының алдын алу мақсатында «Бозой» жерасты газ қоймасын ауқымды реконструкциялау жүзеге асырылып жатыр. Тәулігіне 27 миллион текше метрге дейін газ алынып, айдалады. Көгілдір отынның сапасы артылып, өнімділігі ұлғайды. Өнімді жер астына айдау мен оны қайта алу уақыты 200 күннен 150 тәулікке дейін қысқарған. Еуропа мен Украинадан әкелінген заманауи технологиялар пайдаланылды.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы «Бозой» жер асты газ сақтау қоймасы »Жаманқоянқұлақ» және »Жақсықоянқұлақ» сақтау қоймаларынан тұрады. Жаңажол кен орнында өндірілген газ «Бұқара-Орал» магистралдық газ құбыры арқылы тасымалданып «Бозой» ЖАГҚ-ға сақтауға түседі. Стратегиялық маңызы бар қоймасы газ тұтыну кезінде болатын маусымдық ауытқуларды реттеуге міндеттелген. Жобалық газ сақтау көлемі - 4,0 миллиард текше метр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер